Қазақстанның ұлттық басымдығы: балалар және білім

Қазақстанның ұлттық басымдығы: балалар және білім

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары құрылған. Үшінші жаңғырту процесін іске қосатын бұл стратегиялық даму жоспары 10 түрлі жалпыұлттық басымдықтан құралған. Соның үшінші жалпыұлттық басымдығы – сапалы білім деп көрсетілген.

Мұнда сапалы білім басымдығының мәні ретінде ел дамуының жаңа бағытын іске асыру үшін адам капиталын дамыту деп белгіленген екен. Басымдықты жүзеге асырудың төрт міндеті айқындалған:

1-міндет. Білім беру саласындағы қолжетімділік пен теңдікті қамтамасыз ету;

2-міндет. Оқыту үшін қолайлы жағдайлар мен орта жасау;

3-міндет. Білім беру сапасын арттыру;

4-міндет. Білім беруді басқару және қаржыландыру тиімділігін арттыру.

Білім беру сапасын арттыру міндетінде оқытудың инновациялық бағдарламаларын қолдану, сол арқылы жаңа бағдарламалар баланың жеке даму ерекшеліктерін ескере отырып жасалады делінген.

Даму жоспарына сай елде сапалы білім беруді қалыптастыру үшін ең алдымен инфрақұрылымды реттеу керегі баса айтылған. Елдегі бүкіл баланы балабақшамен және мектеппен 100 пайыз қамтамасыз ету тапсырмасы қойылған. Екіншіден, ашылған мектеп пен балабақша сапалы білім беруге қолайлы болуы шарт. Мектептің құрылысы қауіпсіз, ал техникалық қамсыздандыруы жоғары болуы тиіс. Баламалы білім ортасын құрумен бірге сандық білім кеңістігін дамыту жағы да білім сапасын арттырудың бір жолы ретінде көрсетілген.

ҚР «Баланың құқықтары» туралы Заңға сәйкес, кез келген бала білім алуға толық құқылы.

Әрбiр баланың бiлiм алуға құқығы бар және Қазақстан Республикасының бiлiм туралы заңдарына сәйкес оған тегiн бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім және конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары бiлiм алуға кепiлдiк берiледi.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдасында басты мақсат қазақстандықтардың жаңа ұрпағын тәрбиелеу деп көрсетілген. Тұжырымдамада көрсетілген мақсат-міндеттерге де басымдық беріледі. Олар:

·  қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиелеу;

·  педагогтардың кәсіби және мәдени капиталын арттыру;

·  мектептке дейінгі білімді алуға тең мүмкіндіктер жасау;

·  саналы және жан-жақты дамыған азаматты орта білім беру жүйесі арқылы қалыптастыру;

·  жастарды оқуға және еңбек нарығына интеграциялау;

·  экономика білімі үшін жоғары білікті кадрлар даярлау;

·  жүйелі деңгейде білім беру сапасын қамтамасыз ету.

Тұжырымдамада осы мақсат-міндеттерді орындаудың нақты жолдары және нәтижесін жазылған. Бұған дейін бұл құжат қоғамдық талқылауға шығарылды. Оның толық мәтінін мына жерден табуға болады.

Қ. Слямбек