Тоқаев тапсырмасынан кейін "Болашақ" бағдарламасында не өзгереді? – БҒМ жауабы

Тоқаев тапсырмасынан кейін "Болашақ" бағдарламасында не өзгереді? – БҒМ жауабы
Фото: Shutterstock

Білім және ғылым министрлігі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін "Болашақ" бағдарламасының қалай өзгеретінін айтты.

Министрліктің баспасөз қызметі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауынан, сондай-ақ 2022 жылғы 11 қаңтардағы Парламентте сөйлеген сөзінен отандық кадрларды даярлауға қатысты тиісті өзгерістер енгізілгенін хабарлады.

"Инженерлік-техникалық" мамандықтардың тартымдылығын арттыру, ел экономикасына шынымен қажет мамандарды даярлау мақсатында 2021-2023 жылдарға арналған ЖОО тізіміне Ресейдің жетекші техникалық университеттерін қосу бөлігінде өзгерістер енгізіледі.

Ресейдің техникалық университеттерін "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша оқуға ұсынылған жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының тізіміне енгізу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, 2022-2026 жылдарға арналған бағдарламаны дамыту стратегиясын қайта қарау жоспарлануда", - деді министрлік.

БҒМ 2022 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқуға 1055 шәкіртақы бөлінгенін атап өтті. Оның ішінде 555 шәкіртақы магистратура, резидентура, докторантура және тағылымдама бағдарламалары бойынша бөлінеді. "Ғалымдар" тағылымдамаларының жаңа санаты үшін тағы 500 шәкіртақы бөлінді.

"Бүгінгі таңда барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, коммерциялық емес және мемлекеттік емес кәсіпорындардың, сондай-ақ салалық ұйымдардың өтініштері негізінде 2022 жылға арналған басым мамандықтар тізбесі 2022 жылға арналған орта мерзімді болжамды ескере отырып дайындалды", - делінген министрліктің хабарламасында.

21 қаңтарда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Болашақ" білім беру бағдарламасы қайта бағытталатынын мәлімдеді.

"Біз жастарымызды Ресейдің белгілі техникалық университеттеріне оқуға жібереміз", - деді Тоқаев Нұр-Сұлтанда бизнес өкілдерімен кездесуде.

24 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының бұрынғы басшысы Әнуар Жанғозин "Болашақ" халықаралық бағдарламалар орталығының басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Т. Раушанұлы