"Болашақ" бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтетін мамандықтар тізімі кеңейтілді – БҒМ

"Болашақ" бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтетін мамандықтар тізімі кеңейтілді – БҒМ

Ғалымдар үшін "Болашақ" бағдарламасы бойынша шетелдік тағылымдамадан өтуге арналған мамандықтар тізіміне тағы 18 мамандық енгізілді. Бағдарламаның операторы — ҚР БҒМ Халықаралық бағдарламалар орталығы.

​Енді "Биология, молекулалық биология", "Ветеринария", "Компьютерлік лингвистика", "Ауыл шаруашылығы", "Құрылыс", "Жобалау", "Шахта құрылысы", "Физика", "Байланыс және ақпарат тарату жүйесі", "Радиотехнология", "Механика", "Статистика", "Есептеу технологиясы", "Антропология", "Орман ресурстарын қорғау", "Вакцинология", "Математика" бағыттары бойынша мемлекет есебінен әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өте алады, - делінген ресми хабарламада.

​Айта кетейік, 8 мамандық қолданыстағы аралас мамандықтарға енгізіліп, тағы 10-ы жаңа мамандық ретінде қосылды.

Қазақстандық ғалымдар Гарвард университеті, Сорбонна университеті, Колумбия университеті, Йель университеті, Гонконг ғылым және технология университеті мен басқа да шетелдік жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өте алады.​

Осылайша, 2021 жылы қазақстандықтардың 147 мамандық бойынша тағылымдамадан өту мүмкіндігі бар, оның ішінде инновация және жаңа технологиялар бағыты бойынша 14, индустриялық инженерия бағыты – 28, жаратылыстану ғылымдары – 9, әлеуметтік ғылымдар – 40, "Білім беру" бағыты – 9, "Медицина" бағыты – 37 және "Креативті индустрия" бағыты бойынша 13 мамандық бар. 

Естеріңізге сала кетейік, биыл "Ғалымдар" жаңа санаты бойынша 500 стипендия бөлінді. Стипендиялардың жалпы саны 1055-ке дейін өсті. Оның ішінде денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласының қызметкерлері, педагогтер, мемлекеттік қызметкерлер, инженер-техниктер үшін 5 санат бойынша тағылымдамадан өтуге 110 грант бөлінді.

Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау 2021 жылғы 28 қазанға дейін жалғасады.