Қазақстанда студенттер, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы өсті

Қазақстанда студенттер, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы өсті

Елімізде 1 қыркүйектен бастап қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары мен докторанттарының  шәкіртақысы өсті. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі хабарлады.

"Бакалаврларға арналған стипендия 20 пайызға, магистранттар мен докторанттарға арналған шәкіртақы - 15 пайызға өсті" , деп хабарлады Білім және ғылым министрлігі.

"Бакалаврда оқитын студенттердің шәкіртақысы 26 186 теңгеден 31 423 теңгеге дейін артты. Педагогикалық бағыт бойынша оқитын ЖОО студенттері бұрын 42 000 теңге алса, енді 50 400 теңге алатын болады. Біз Президенттің тапсырмасын орындап, болашақ дәрігерлердің стипендиясын едәуір арттырдық. Олар 26 186 теңгенің орнына 50 400 теңге алатын болады. Өткен жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шәкіртақы 25%-ға ұлғайтылды. Шын мәнінде, соңғы екі жылда бакалавриатта оқитын студенттердің стипендиясы шамамен 2 есе артты", - деді Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Магистранттар, докторанттар мен тағылымдамадан өтушілердің шәкіртақысы да артқаны атап өтілді. Егер бұрын магистранттар 66 913 теңге алатын болса, қазір олардың ай сайынғы стипендиясы 76 950 теңгені құрайды. Докторанттарға арналған стипендия 150 000 теңгеден 172 500 теңгеге дейін, интерндер үшін - 47 431 теңгеден 59 289 теңгеге дейін өсті.

Барлық өзгерістер мен толықтырулар үкіметтің қаулысымен жоғары оқу орындарының студенттеріне мемлекеттік стипендияны тағайындау, төлеу және мөлшеріне қатысты ережеге енгізілді.

Т. Раушанұлы