Биыл 394 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттады

Биыл 394 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттады
Фото: massaget.kz

2021-2022 оқу жылында ел мектептерінде 3,6 миллион бала білім алады. Оның ішінде 394 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр. 

Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта болады. 7 400 мектепте оқушылар сыныпқа барып білім ала бастайды. Ал оқу жылының аяғында үлкен өмірге қадам басатын түлектер саны 165 мыңды құрап отыр. 

Жыл бойында 3,6 млн оқушыға жалпы жиыны 367,7 мың мұғалім білім береді. Оның ішінде 12 мыңнан астам мұғалім ұстаздық еңбек жолын енді бастағалы отыр.

Ұлттық білім беру деректері бойынша, елімізде 3 ауысыммен білім беретін 300-ден астам мектеп бар. Бұл елдегі барша мектептердің 5%-на тең. Басқаша айтсақ, оқушылардың 19%-ы үш ауысыммен оқуға мәжбүр.

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, тәуелсіздік жылдары қазақ тілінде оқытатын 965 мектеп іске қосылып, жалпы саны 3733-ке жеткен. Бұл жалпы мектептердің 54%-ына тең.

1991 жылы қазақ мектептерінің саны 2768 болатын. 30 жылда қазақ тілінде білім алатын балалардың үлесі 32 %-дан 66 %-ға артқан. Биыл мектеп қабырғасында білім алатын 3,6 млн баланың 2 223 455-і мемлекеттік тілде сабақ оқиды деген сөз. «Ана тілінде оқитын ұлты қазақ балаларының саны бүгінгі таңда 85%-ды құрайды. Мектеп жасындағы ұлты қазақ балалардың саны - 2 568 068. Олардың 2 173 141-і қазақ тілінде оқиды», - делінген ведомствоның мәліметінде.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстан азаматтарын Білім күнімен құттықтап, мықты денсаулық тілеп, бүлдіршіндерді ашық және білімқұмар болуға шақырды. 

1 қыркүйек — бірінші сынып оқушылары үшін ерекше мереке. Биыл 394 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Осы салтанатты күні «Әліппе» мен «Букварь» оқулықтарын қолдарына алатын бірінші сынып оқушыларын құттықтағым келеді. Бүлдіршіндерімізге мықты денсаулық тілеп, ашық және білімқұмар болуға шақырамын. Жаңа оқу жылы әрбір оқушы, студент, мұғалім және оқытушы, жалпы білім беру саласына қатысы бар әрбір адам үшін қызықты әрі пайдалы болуын тілеймін, - деп жазды facebook желісіндегі парақшасына.

Білім күні құтты болсын! 

Н. Үсенова