1 қыркүйектен бастап еліміздегі балалар мектепке бара ма? – Министр жауабы

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов балалардың 1 қыркүйекте мектепке баратын-бармайтынына қатысты жауап берді.

“Біз баланы мектепке жібереміз бе, жоқ па деп ойланып жатырмыз. Қазір менің балам алты жаста, егер қашықтан оқыту бағдарламасы жалғасатын болса, оны жеті жасында мектепке береміз деп отырмыз. Себебі, онлайн оқығаннан гөрі үйде отырғаны жақсы. Мектептер қыркүйекте офлайн форматына ауыса ма?” – деген сұрақ жолданды министрге.

100 жыл бұрынғы білім беру тәсілі неге өзгермеді?

“Өте орынды сұрақ. Барлығы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға, өзімізге және біздің мінез-құлқымызға байланысты. Егер халықтың көп бөлігі вакцина алып, барлық санитарлық талаптар мен шектеулерді сақтайтын болсақ, алдағы қыркүйектен бастап білім беру ұйымдары дәстүрлі форматқа ауысады деп ойлаймын”, – деп жауап берді Аймағамбетов.

Министр балалардың мектепті, достарын және мұғалімдерін қатты сағынатынын да айтты.

“Мұғалімдер де мектепті сағынды, барлығымыз тезірек дәстүрлі білім форматына оралғымыз келеді. Бірақ бұл бәрімізге, бүкіл қоғамға байланысты. Бүгінгі таңда мемлекет жүргізіп отырған вакцинация мен эпидемияға қарсы шаралар қарқыны дәстүрлі форматқа ораламыз деп үміттенуге негіз береді. Тағы да, қайталап айтамын, мұның бәрі өзімізге байланысты”, – деп қорытындылады Білім және ғылым министрі.