Журналистиканың қай түрі маңызды?

Журналистиканың қай түрі маңызды?

Қазіргі ақпараттық технологиялар журналистиканы жаңа сапалық деңгейге көтерді, әрі журналистиканың шығармашылық мүмкіндігін арттырып, оқырманына өз ойын жеткізуде кең мүмкіндіктер ашты – ақпарат алу мен таратудың еркіндігі орныға бастады. Десе де кей салалық журналистика түрлері кенже қалып барады.

Жаңа медианың дамуы – конвергентті журналистердің сұранысын арттырды. Сайттар мен порталдар үшін бәрін өзі жасайтын (суретке түсіретін, өңдейтін, видеосын әзірлейтін) мамандар пайдалы саналды. Ал осының салдарынан журналистиканың кей салалары мен жанрлары қалтарыста қалып қойды. Расында журналистиканың қай түрі маңызды? Бұл сауалды "Болашақ" бағдарламасымен АҚШ-тың Мичиган штаты университетінде білім алып жатқан Жолдас Өрісбайға қойған едік.

Өткен жылы Майкл Шадсон (Колумбия университеті журналистика мектебінің профессоры) есімді америкалық әлеуметтанушы әрі тарихшының бір еңбегін оқыдым. Ол өзі журналистика саласында білім алмаса да, журналистика тарихын және медиа социологиясын зерттеумен айналысып келеді. Мен оқыған еңбегі Discovering the News деп аталды. Содан бері бұл ғалымның еңбектеріне көп қызығып, міне екінші кітабын да аяқтадым. Ол Journalism, Why it matters деп аталады.

Спорт, ентертейнмент, мәдениет, саясат, экономика және басқа барлық салалардағы ақпарат таратуды журналистика дейміз. Бірақ олардың қайсысы қоғамға ең керегі және маңызды? Осыған орай, Шадсон қоғамның игілігі үшін қызмет ететін, адам құқығы мен еркін адам принциптерін, еркін нарық негіздерін қорғайтын адвокаттық журналистиканы, яғни сол үшін жауапкершілікті өзіне артатын түрін маңызды дейді. Ол жоғарыда айтылған барлық салаға қатысты. Мысалы, сіз саяси шолушы болсаңыз, саясаттағы әрбір шешімнің, әрбір өзгеріс не заң бұзушылықты ашық әрі барлығына түсінікті жеткізуіңіз керек. Үкіметтегі әрбір жүріс не өзгеріс қоғамға қалай әсер ететінін, адам құқықтары мен оның еркіндігіне нұқсан келтірмейтініне назар аудару қажет, - дейді.

Қазір ұзынсонар материалдар оқылмайды деген де түсінік қалыптасқан. Ондай материалдардың көрілімі аз, пікірі жоқтың қасы саналады. Бірақ Жолдас бұл түсінікпен келісе қоймайды.

Интернет мүмкіндігі артқалы бері адамдар барынша аз мәтін оқып, лонгридтер оқылмай қалды дейтін аңыз бар. Шынында, ол шындыққа жанаспайды. Қазір миллиондаған оқырманды баураған неше түрлі лонгридтер бар. «Оқылмайтын мәтін жоқ, оны жеткізе алмайтын журналист бар» десек жөн болар. Ақпарат тарату барынша, тез әрі құрғақ фактілерді беру емес, оны сторителлингпен кейіпкер эмоциясымен жеткізу керек. Мысалы, жаһандық жылыну мәселесін атмосфераға бөлініп жатқан парниктік газдың сандық көрсеткішін не әр ғасырда орташа температураның шамамен екі градусқа жоғарылап жатқанын жазбай, климат өзгерісінің салдары адам өміріне мен тіршілігіне қалай әсер етіп жатқанын кейіпкерлер арқылы жеткізсеңіз көбірек әсерлі әрі нәтижелі болады (Мысалы, Теміртаудағы зауыттардың ауаны ластауы мен Арал теңізінің құрғауы сол жердегі жергілікті халыққа залал келтіріп жатқаны). Бұл әрине адвокаттық журналистика (Advocacy journalism), - дейді Жолдас.

Кейде мақала ішінен журналистердің жеке пікірін аңғарып қалатын кездер де болады. Бұл медиадағы объективтілік этикетіне сай келе ме? Бұған да Жолдас жауап бере кетті:

Журналистикада объективтілік бар ма өзі? Расында – жоқ. Журналистің қай мәселені зерттеуі, оған қай жақтан қарауы, оған қандай сарапшыларды тартуы және оны қалай жеткізуі субъективті шешімдерден тұрады, яғни объективизм деген біз, барлық журналистер, талпынатын биік тұғыр. Оған жеткен ешкім жоқ және болмайды. Бірақ соған барынша жақын болу біздің міндетіміз. Сосын журналист мақалаға өз пікірін не өз көзқарасын қоспауы тиіс. Ол кәсібилікке жатпайды және оқырмандарды шатастыру болып келеді. Нақтылап айтсақ, мақала оқырман жаңалықты оқып, оны жазған журналистің түйінін иемденбей, өзі қорытатындай етіп жазылуы тиіс.

Н. Үсенова