Елдар Құдайбергенов: Подкаст – кинодан гөрі кітапқа көбірек ұқсайды

Елдар Құдайбергенов: Подкаст – кинодан гөрі кітапқа көбірек ұқсайды

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз ЖОО-ны тастап кетеді. Кейін өзінен 7-8 жас кіші студенттермен қайта оқып жүріп, барлық студенттерге берілген мүмкіндік бірдей болғанымен әркім әртүрлі оқитынын байқайды. Неге? Мұның сырын ұққысы келген ол айналасындағы жақсы оқитын жандардан тиімді оқу технологиялары жайлы сұрайды. Естігендерін замандастарымен бөлісу үшін, оны подкастқа айналдырғысы келеді. Бұл подкаст идеясы телеарна басшылығына ұнап, студияда тегін подкаст жазуды ұсынады. Осылай кейіпкеріміздің алғашқы подкаст жобасы “Как учиться” дүниеге келеді. Енді подкаст процесінен қол үзбеймін деп серт берген кейіпкеріміздің ныспысы - Елдар Құдайбергенов.

Елдар мырзаның кешегі хоббиі бүгін өмірлік қызметке ұласты. Ол бүгінде бірнеше подкаст жобаларының авторы һәм заманауи “Tolqyn” подкаст орталығының директоры. Подкаст тақырыбында үш күн, үш түн тоқтамай сөйлей алатын, Елдар мырзаны әңгімеге тартып, бірінші сұрақты төтесінен қойдық. 

Подкаст деген не?

Бұл сұраққа иесіне қарай жауап беруге болады. Белгілі бір компания не жеке брендін қалыптастырғысы келген адамға "Подкаст деген сіз бен клиентіңізді байланыстырушы құрал" дер едім. Подкаст басқа медиа саласына ұқсамайтын ерекше әлем, подкаст – видео/подкаст/кітап деп үшеуін бір қатарға қойып қарасақ, ол кітапқа көбірек ұқсайды. Мысалы видеода барлық образ, кеңістік сол қалпы көрерменге ұсынылады. Ал подкаста былай өрбиді: "Сахнаға бір ару шықты, оның қасы-көзі боялған, шашы әдемі" деп суреттесе, тыңдарман өз қалауынша, қиялына ерік беріп, елестетіп, образ жасай алады. Кітапта да, подкаста да дайын шаблон беріп қоймайды, бәрі өз қиялың мен еркіңе байланысты. Мысалы қазір мен “Шал мен теңіз” шығармасын оқып жатырмын. Жағалау, теңіз – бәрі-бәрі өз қиялымда суреттеліп отырады. Қысқаша айтқанда, аудиокітап емес, аудио әлеміндегі кітап деп түсіну керек. 

Тағы бір ерекшелігі подкаст мәні – шынайылықта. Бір жолы клабхауста инстаграмның фитнес жұлдыздарының әңгімесін тыңдадым, “Сәлееем, қал қалайдан” ары аса алмады. Визуалды түрде оқырманды "тойдырып" қояды, ал ар жағында айтатын дымы жоқ. Подкастта адамның айтатын дүниесі болу керек, ешкімді алдай алмайсың. Подкаст тыңдап болған адамның көзқарасы өзгеріп шығуы керек. 

Подкастты кітаппен теңестірдіңіз, видеомен салыстырдыңыз. Ал енді подкаст радионың орнын баса ала ма, алмастыра ала ма?

Күшті сұрақ, алмастыра алмайды, себебі салыстыруға келмейді. Подкаст ол медиада ақпаратты аудиомен тарату. Ал радио тікелей эфир, оның күші сонда. Радиода жүргізушілер мен подкастерлер келісіп, біріге жұмыс жасау керек деп есептеймін. Неге десеңіз, менің ойымша, радионың күшін дұрыс пайдаланбаймыз. Тәжірибе, эксперимент жасау деген сияқты тәуекелге бара алмайды. Подкастингтің ерекше қырларын радиомен үйлестірсе, тамаша еңбек көрінер еді. Ұсынысым сол – біріге жұмыс істеу керек.

Әдетте көпшілік подкастты жүгіргенде, кептелісте тұрғанда, жаяу серуендегенде тыңдайды. Бұл әдісті сынайтындар да бар. Подкастты ұйып тыңдау – идеал нұсқа екені түсінікті. Бірақ бәріне жеке-жеке уақыт қайда? Осыдан сұрақ шығады: подкастты қалай тыңдауға болады немесе қалай тыңдау керек?

Подкасттың неше түрі бар. Өзіңе пайдасы көп, әсері бар кәсіби подкасттарды қағазға түртіп отырып, бар фокуспен тыңдау керек. Танымдық подкасттарды басқа тірлікпен айналысып жүріп-ақ тыңдаймын. Меніңше, егер адам жүгіріп жүріп, жүгіру туралы подкаст тыңдаса, пайдасы екі еселенуі мүмкін. Бұл әр адамның қалауы секілді.

Подкасты кей адамдар табыс көзі деп қарайды. Алайда табыс, ақша үшін жасалған дүние ұзаққа бармайды деген де пікір бар. Ал сіздің бұған көзқарасыңыз қандай? Подкастты не үшін жазып жүрсіз?

Бірінші подкастымда негізгі идеям – оқу дағдыларын зерттеу болды. Зерттедім, көп іздендім, енді кітап жазуыма да болады. Себебі жинаған ақпарат көп. Уақыт тапшылығына байланысты кітап жазуға үлгермей жүрмін. Бұл менің "қалтама тамшылап тұратын" табыс көзі бола алады. Подкастты ақша үшін жасап жүрген жоқпын. “Ақылды әке болу” жолында іздендім, нәтижесі, міне, “Саналы әке” подкасты дүниеге келді. Негізі мен өзіме ұнаған тақырыптарға ғана подкаст жасаймын. Тақырыбы қызық болмаса да, кейіпкері қызық болуы керек мен үшін. Сұқбат алдында кейіпкердің рұқсатын аламыз. “Жеке шекараңызға кірсек, ренжімеңіз, жауап бермеуге құқыңыз бар” деп ескертеміз. Мысалы осы студияға аяқ киімізді шешіп кірдік қой, сол секілді кейіпкердің шекарасына кірмес бұрыс рұқсат сұрап, жауабын алып, қайтадан шығып кетеміз. 

Қазақ тілінде жалпы контент аз деп жатамыз. Ал аудио контентке келсек, подкаст саны тіпті аз болғаны ғой. Айтатын әңгімесі, идеясы бар адамдар қазақ тілінде сөйлейтін тыңдарман үшін осы ортаға келу керек секілді. Қазақша подкастты қалай дамытуға болады?

Меніңше, сантехниктен бастап, мемлекеттік орган қызметкеріне дейінгі кез келген маман бір-бір подкасттан бастау керек сияқты, әркімнің айтары бар. Мысалы, жай елестетейікші, президенттің апта сайын шығып тұратын подкасты болса, әр жұма түстен кейін жарияланса, эпизодында осы мемлекет үшін не істеді, сол жайында бізге айтып отырса, сіз тыңдар ма едіңіз?! Бәрі тыңдар еді. 

Мәселен, менің үйіме келетін сантехниктің подкасты болса, мен алдымен тыңдар едім. Сені миллион адам тыңдау шарт емес, басты клиенттеріңе айта алатын дүниең болса,  жеке брендіңді қалыптастырып аласың. Тағы да мысал келтірсек, университетте оқытушы дәрісін оқыды, жаңа құлаққап туралы шолуын айтып үлгермеді. Ол сол шолуын подкастқа жазып, “Студенттер, мен айтып үлгермедім, подкастымның 2-маусымының 15-эпизодында осы құлаққап туралы толық шолу бар, соны тыңдаңдар” десе болмай ма? 

Тамаша болар еді. Мысалы ғалымдар месседждерін он адамға 10 рет айтқанша, бір рет подкаст етіп жазып, тыңдатса жетіп жатыр екен ғой. Дайын өнім. Ал да тыңдай бер.

Иә, себебі, қазір мәтін оқуды насихаттау қиындап барады, мәселен, маған жазба оқу қиын. Қазір мәтін оқудың жаңа деңгейін меңгеріп жүрмін. Әр маман, әр ұйым, корпоративті түрде жиі шығарып тұрса деген ниет қой. Қазірде айналысып жүрген салаңда айтатын дүниең болса, сол туралы подкаст жазып таста. Оны әлеуметтік желіде таратпай-ақ та ғой. Сөйтіп эпизодтарыңды жинай бер. Уақыты келеді, артыңдағы шәкірттерің тыңдар. Немерең – ұрпағың тыңдайды. Бұл болашақпен керемет Connection ғой. Бірақ бір нәрсені естен шығармау керек. Егер бір подкастта сараптамалық эпизодтар жарияласаң, ол жерде отбасы туралы әңгіме қозғай алмайсың. Қойшы да подкаст бастай алады, Тик-Ток түсіріп жүрген адамдар ғой. Смартфонмен-ақ жаза берсе болады.

Подкаст бастау үшін не керек?

Подкаст бастау үшін аудио жазатын құрылғы керек: телефон болуы мүмкін, студио болуы мүмкін. Бастысы, құрылғы, интернет және подкастты тегін жүктейтін арнайы бағдарлама. Youtube-қа видеоны тегін жүктейміз ғой, сол тектес Anchor атты платформалар бар. Аудионы жасайсың, өңдейсің бе, жоқ па – өз еркің, сол аудиоңды тегін платформаға жүктейсің. Ең дұрысы, ақылы хостинг. Simplecast.com тәрізді ақылы хостингтерді ұсына аламын. Подкастты өз сайтыңа не біреудің хостингінде жарияласаң болады. Өз сайтыңа жүктеудің техникалық мәселелері болуы мүмкін. Ал біреудің хостингі тегін және ақылы болады. Тегін хостингте статистика аз көрсетіледі, ал ақылыда статистикада кім, қайда, қалай және не үшін көріп отыр деген мәлімет ала аласың. 

Бастапқыда керекті техникаға қанша қаражат кетуі мүмкін?

15-20 мың теңге тұратын микрофон, Windows жүйесіндегі компьютер және audacityteam.org бағдарламасы – болды, осылар жеткілікті. Подкасттың ерекшелігі де сол – 10 мың теңгемен де, 2 млн теңгемен де бастасаң болады. Құлаққап, микрофон, ортада үстел. Дайын.

Дайын эпизодты ұсынудың қандай тәсілдері бар?

Эпизодты тыңдарманға ұсынғанда қорытып, бір-ақ түсіндіріп беруге болады. Тағы бір әдіс: А пунктінен Б пунктіне емес, сол А нүктесіне алып келесің, мәселен, өмірбаянын суреттей келе тез аяқтайсың, тыңдарман өзі қорытады, мәселені басқа қырынан таниды. Көзілдірігін ауыстырасыз. Қалай? Кейіпкердің жай-күйін, ситуациясын түсіндіру үшін тыңдарманға тігісін жатқызып тұрып ұғындырасыз. Өз бойынан өткізуге тырысасыз. Мәселен, кейіпкер – қылмыскер. Ол ұрлық үстінде адам өлтіріп қойған деп суреттейсіз. Тыңдарман бастапқыда солай қабылдайды. Кейін подкаст барысында неге мұндай қадамға барғанын, оны біреулер қыстағанын, жоспар бойынша тапаншамен атылмау керегін – бүкіл жағдайды суреттейтін көзілдірікті тыңдарманға кигізесіз. Тыңдарман бастапқы ойынан айниды, жаңа пікір, көзқарас қалыптасады. Міне, подкаст тыңдап болған адамның көзқарасы өзгеріп шығуы керек деген осы. 

Ұсынудың көптеген тәсілі бар. Подкастты кім қалай көреді, солай біреуге береді және қабылдайды. Подкаст пластилин сияқты. Сан қырынан тануға болады.

"Толқын" подкастинг орталығы туралы сұрағым келіп отыр. Ол қалай дүниеге келді?

Толқын – менің орындалған арманым. Подкастқа сене бастаған соң, алдымен үй студиясы туралы ойладым, оны ашып алған соң, жеке дара студия ашуды армандадым. Атауын ойлап қойдым, Қазақстандағы подкастинг орталығы деген атау мен үшін керемет атау боп көрінген, себебі Кеңес одағынан келе жатқан “орталық” сөзіне подкастинг тіркемесін қосып, еліміздегі ірі подкаст жазатын орталық ашсам деп ойша жоспарлап жүрдім. Домен сатып алып дайындап қойдым. 

Бір күні маған подкастпен айналысатын бір кісі хабарласты. Сізбен бір адам танысқысы келеді деді. Сөйтсек ол жаңағы кісінің бастығы екен. Ол кісі подкастерлерді іздестіріп жүр екен. Мен оған осы Толқын туралы айтып бердім, мақсат, жоспарларым туралы баяндадым. Оған идея ұнады. Сөйтіп, осы жобаның  со-фаундері ретінде қызмет бастап кеттім. Қазір қазақ, орыс тілінде эпизодтар шығарып тұрамыз. Болашақта ағылшынша подкасттарды да жариялағымыз келеді.  

Ютюберлер айтып жүрген подкаст – подкаст емес, егер мен қазір подкасттың шекарасын сызып, ортасына түспесем, ертең тоқтату мүмкін емес. Кейбіреулері осылай ара жігін ажыратып жүргеніме тісін қайрайды. Қазір бұрынғы влогтар жоқ. Ютюберлер сол бағытта сапалы жұмыс істесе болар еді ғой. 

Сіздің ойыңызша, төрт қыры тең подкаст қандай подкаст?

Айту қиын екен. Себебі, қатып қалған қағида жоқ. Подкастта еркіндік бар. Сонысымен құндырақ. 

Сұқбатыңызға көп рақмет!

Құрметті оқырман, сіздерге сұқбатымыз ұнады деген үміттеміз. Толқын подкастинг орталығының подкастарын мына жерден тыңдай аласыздар:

Психологпен шай - отбасылық психолог Ержан Мырзабаевтың авторлық подкасты.

Заттар сөйлейді подкастының басты кейіпкерлері - жансыз заттар. Әрбір эпизод олардың өмірінен сыр шертеді.

Не тинейджеры -  Екі "не тинейджер" қазақ қоғамының өзекті мәселелері жөнінде әңгімелеседі. Бұл подкаст орыс тілінде жазылған.





ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар