Бекітілген терминдердің жинағы жарыққа шықты

Бекітілген терминдердің жинағы жарыққа шықты
Фото: gov.kz

Бекітілген, мақұлданған терминдерді сөздік етіп шығару – қазақ терминологиясында бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Сол дәстүр сабақтастағымен 2020 жылы бекітілген терминдердің екі жинағы баспадан шығарылды. Ұсынылып отырған жинақ 1971-2011, 2012-2019 жж. барлық ғылым салаларына қатысты бекітілген терминдерді қамтиды, - деп ҚР мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Аталған еңбекте Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясының әр жылдары өткізілген отырыстарында қаралып бекітілген терминдердің, сөздер мен сөз тіркестерінің толық берілген нұсқасы хронологиялық тәртіппен, бекітілген мерзім жылдары мен ай-күні бойынша жинақталып, жұртшылық назарына ұсынылып отыр.

Бекітілген терминдер жинағы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде "Бекітілген терминдер жинағы" деген атпен 2012 жылы баспадан шыққан басылымның материалы берілген. Мұнда 1971-2011 жылдар аралығына бекітілген терминдер берілген.

Екінші бөлім 2012-2019 жылдар аралығында Терминком тарапынан бекітілген терминдермен толықтырылып шығарылып отыр.

"Бекітілген терминдер" еңбегінің бірінші бөлімі 9100-ден аса терминнен, сөз тіркесі мен қысқарған сөзден тұрады. Барлығы 40 сала қамтылған. Мысалы, әдебиет және лингвистика, медицина, әскери іс, заң, теміржол, банк ісі, ақпараттық технология және т.б. Ал екінші бөлімде 48 саладан тұратын 20700-ден астам термин, сөз тіркесі мен қысқарған сөз қамтылған.

Мұндай сөздіктерді шығарудағы мақсат – Республикалық терминология комиссиясы мақұлдаған терминдерді сала мамандары мен көпшілік қауымға таныстырып, олардың бірізді қолданылуына мүмкіндік туғызу, ресми мақұлданған терминдердің саны мен сапасын анықтау.

Бұл басылым арқылы түрлі ғылым саласының мамандары мен көпшілік қауым ресми мақұлданған атауларды бір сөздіктен тауып танысуына, оларды кәсіби қызметінде, күнделікті жұмыс барысында пайдалануға мүмкіндік алады. Сөздіктегі ғылыми ұғым мазмұнын қамти отырып ұтымды жасалған, көптеген жаңа атаулар сол қажеттілікті өтеуге сеп болары анық.

Терминкомның қазіргі уақытқа дейін бекіткен терминдерінің түгел жинақталып берілуі оның сандық, сапалық деңгейін анықтап, олқылықтарды айқындап, терминдерді бекітуде жаңаша көзқарас туындатады.

Н. Үсенова