Мемлекеттік грантты жұмыспен өтеу шарттары жеңілдетілді

Мемлекеттік грантты жұмыспен өтеу шарттары жеңілдетілді
Фото: edu news

Білім беру мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілген жаңа түзетулер бойынша түлектер дайындық бағыты тура келсе жекеменшік ұйымдарда да жұмыс істеу арқылы гранттарын өтей алады. Бұл туралы да Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов facebook желісіндегі жазбасында хабарлады.

"Енді түлектер тек мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жекеменшік ұйымдарда да жұмыс істеп, гранттарын өтей алады. Басты шарт – дайындық бағыты (мамандығы) бойынша жұмыс істеуі тиіс. Бұл мәселені түлектер жиі көтеретін.

Жаңа норма түрлі ұйымдардағы кадр мәселесін шешуге де септігін тигізеді.  Сондай-ақ түлектердің жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Мысалы, студент ауылдық квота арқылы фармацевтика бағыты бойынша оқуын аяқтады делік. Кейін ол ауылға барып, өз мамандығы бойынша мемлекеттік ұйымда жұмыс істеуге міндетті болатын.

Ал, ауылда мемлекеттік дәріхана жоқ болса ше? Түлектің қиын жағдайға тап болатыны анық. Сондықтан бұл мәселе де шешімін тапты.

Ендігі кезекте грантпен оқыған түлек өз дайындық бағыты бойынша жекеменшік ұйымдарда еш кедергісіз жұмыс істей алады" - деп жазды министр.  

Асхат Аймағамбетов грантта оқыған кейбір студенттер қандай айлаға баратынын да айта кетті. Енді мұндай айлалары жүзеге аспайтын болады.

"Айтпақшы, кейбір грант иегерлері мемлекет шығынын жұмыспен өтеу рәсімін айналып өтудің амалын тапқан.

Олар грант арқылы 3-курсқа дейін тегін оқып, үш жыл бойы стипендия алады. Содан кейін мемлекеттік грантты жұмыспен өтемеу үшін 4-курста ақылы бөлімге ауысатын. Осыған байланысты грант иегерін оқытуға мемлекет жұмсаған шығындарды өтеу бойынша жаңа норма енгізілді.

Мәселен, студент грантта екі жыл оқып, кейін ақылы бөлімге ауысты делік. Бұл жағдайда студент қанша жыл грантта оқыса, сонша жыл грантты жұмыспен өтеуге міндетті болады.

Дәл осы норма, ақылы бөлімнен грантқа ауысқан студенттерге де қатысты болады", - деп жазды.

Айта кетейік, осыған дейін мемлекеттік үлгідегі гранттар берілмейтіні жайлы да жазған болатынбыз.

Н. Үсенова