"Мың бала" ұлттық олимпиадасының қорытындысы шықты

"Мың бала" ұлттық олимпиадасының қорытындысы шықты
Фото: fnn.kz

Биыл Қазақстанда Елбасының "Ел үміті" бастамасы аясында алғаш рет ауылдағы мектеп оқушыларының таланттары мен қабілеттіктерін дамыту және қолдау мақсатында "Мың бала" ұлттық зияткерлік олимпиадасы өткізілді, деп хабарлайды Massaget.kz сайты тілшісі. 

Олимпиаданың басты ұйымдастырушысы – "Елбасы академиясы" корпоративтік қоры.

Олимпиаданың өзі 2020 жылғы 24 ақпанында басталған. Оған еліміздің ауыл мектептерінің 5 және 6 сыныптарынан 295 мың оқушы қатысты. Олимпиада сырттай және күндізгі кезеңде өткізілді. Сырттай кезең қорытындысы бойынша математика, жаратылыстану, информатика, қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілі пәндерінің нәтижелері негізінде 5000 оқушы іріктелді.

Екі кезеңнің қорытындысы бойынша, 5-сынып оқушылары арасында 500 оқушы, 6-сынып оқушылары арасында 500 оқушы үздік атанды.

5-сынып оқушылары арасында ең жоғарғы балл жинаған – Қостанай облысының оқушысы – Игорь Сапрыкин (92 балл). Одан кейін, Әлім Исабек (Ақмола облысы, 90 балл), Рысбек Балтабай (Маңғыстау облысы, 86 балл), Дарын Раш (БҚО, 86 балл) орналасқан. 

6-сынып арасында ең жоғарғы балл жинаған – ШҚО оқушысы Аружан Амангелді (93 балл). Одан кейін, Нұрдәулет Әділбек (Қызылорда, 91 балл), Айназ Темержан (ШҚО, 90 балл), Мате Алмабеков (Алматы облысы, 89 балл) орналасты.

Олимпиада қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған 6-сыныптың 30 қатысушысы білімін Республикалық физико-математикалық мектепте жалғастырады. Ал 6-сыныпты аяқтаған жеңімпаздар ҚР Білім және ғылым министрлігінің квоталарына сәйкес оқуын "Білім-инновация" лицейлері мен "Дарын" мектептерінде жалғастыруға мүмкіндік алады.

5 сыныпты аяқтаған жеңімпаздарға арналған ақпарат

Еліміздегі дарынды балаларға арналған мектептердің басым бөлігі оқушыларды 7 сыныптан бастап қабылдайды. Сондықтан 5 сынып аяқтаған жеңімпаздар Елбасы Академиясының қашықтан оқыту мектебінде олимпиададан кейінгі сүйемелдеуге ие болады.

Елбасы Академиясының қашықтан оқыту мектебінде әр қатысушыға жеке даму жоспарын құруға көмектесетін тьютор бекітіледі, ол оқушымен бірге жеке даму жоспарын жасайды. Қашықтан оқыту мектебігһнде білім алу ақысыз ұйымдастырылады.

Еліміздің үздік мектептерінің жетекші ұстаздары балалардың жаратылыстану-математикалық бағыт және тілдер бойынша білімін  шыңдайды. Жобалық іс-шаралар да қарастырылған. Бір жыл ішінде қатысушылар келесі жылы дарынды балаларға арналған мектептердің 7-сыныбына түсу үшін білімдерін жетілдіре алады. Сабақтар 2 тілде (қазақ және орыс) өткізіледі. Кері байланыс портал, аудио және бейнеконференциялар, телеграм мен whatsapp мессенджерлерінде хабарлама алмасу арқылы жүргізіледі.

Өтініш беруге арналған парақша 2020 жылдың 5 қыркүйегінде, сағат 15:00-де іске қосылады. Қабылдау мерзімі 7 қыркүйек күні сағат 15:00-те аяқталады. Өтініштерді қарау мерзімі – 3 жұмыс күні.

Қ. Слямбек