Биыл ҰБТ қалай өтеді?

Биыл ҰБТ қалай өтеді?
Фото: massaget.kz

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында Ұлттық бірыңғай тестілеуді жаңа жағдайда өткізуге дайындық мәселесі қаралды.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов және Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндама жасады.

Ұлттық бірыңғай тестілеу осы жылдың 20 маусымы мен 5 шілдесі аралығында өтеді. Оған 131 мыңнан астам оқушы қатысады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға артқан әрі рекордтық көрсеткішҰБТ-ны өткізетін 161-ге жуық пункт, 1 200-ден астам аудитория дайындалған. Қадамдық нұсқаулық қабылданған. 

ҰБТ форматы өзгерген жоқ. Барлығы - 5 пән: үш міндетті және екі бейімдеу. Тест қағаз жүзінде өтеді. Тест тапсырмаларының саны - 120, ең жоғары балл - 140.

- Биыл ҰБТ қағидаларына бірнеше жаңашылдықты да енгіздік. Атап айтқанда, ҰБТ-ға қатысу үшін кіру кезінде бет-әлпетін тану Face ID көмегімен тұлғаны сәйкестендіру алғаш рет қолданылады. Жылда берілген қағаз сертификаттың орнына ҰБТ электронды сертификаты және білім беру грантын тағайындау кезіндегі электронды куәлікті енгіздік, - деді министр.

Халықаралық тестілердің балдарын ҰБТ ұпайына аудару шкаласы енгізілген. Сондықтан мұндай халықаралық сертификаттары бар тұлғалар ҰБТ-дан босатылады және білім беру грантын тағайындау конкурсына осы ауысқан балдары арқылы қатыса алады.

- Академиялық кезең аяқталғанға дейін қабылданған ҰБТ шекті балын жинамаған тұлғалар енді жыл бойы ҰБТ тапсыру мүмкіндігіне ие. Педагогика мамандықтарына түсу үшін талап күшейтілуде. Бұл туралы Президенттің тапсырмасы да бар. Мәселен, педагог болу үшін шекті балл алдыңғы жылы 50-ден 60-қа көтерсек, биыл оны 70 балға дейін көтеріп отырмыз, - деді Асхат Аймағамбетов.

ҰБТ дәстүрлі тәртіпте, алайда санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып өткізіледі. Осылайша, коронавирус инфекциясының таралу қаупін азайту үшін 5 зарарсыздандыру шарасы қолданылады.

1. тест тапсырушының дезинфекциялау тоннелі арқылы өтуі;
2. аяқ киімді арнайы дезинфекциялаушы кілемшеде өңдеу;
3. қолды санитайзермен тазалау;
4. температураны өлшеу;
5. бір рет қолданылатын маска ұсыну.

ҰБТ өткізу пункттеріне кіру тәртібі бойынша тест тапсырушылар арасындағы арақашықтық кемінде 2 метрді құрайтын болады.

ҰБТ-ға қатысушылар калькулятор пайдалана алады. Бұл ата-аналардың өтініші бойынша рұқсат етілген. Сондай-ақ тест тапсыру уақыты 3 сағат 50 минуттан 4 сағатқа ұзартылған.

Ата-аналар мен ұстаздар тест тапсыратын аумақта жүруіне тыйым салынады. Олар онлайн режимде қалай өтіп жатқанын бақылай алады.

ҰБТ нәтижелері тестілеу өткізілген күні беріледі, сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында жарияланады.

Тестілеуге кіргізу барысында тыйым салынған затпен анықталған тұлға тестілеуге жіберілмейді және осы жылы ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылады.

Айта кеткен жөн, ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 25 тамызына дейін бейнебақылау жазбалары талданып, оқуға түсушінің тыйым салынған заттарды  пайдаланғаны анықталған жағдайда, оның ҰБТ және білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижелері жойылады.

- Барлығы тыныш жағдайда өтуі керек, түлектер назарын тек тестке аударуы тиіс. Дәстүрлі түрде ата-аналар үшін тестілеудің онлайн таратылымын ұйымдастыру керек, осылайша ҰБТ үдерісінің ашықтығы мен айқындылығы қамтамасыз етіледі, — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы білім және ғылым, денсаулық сақтау, ішкі істер министрліктеріне және өңірлер әкімдіктеріне ҰБТ-ны сапалы өткізуді және санитарлық талаптардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ҰБТ-ны қазіргі жағдайда өткізу бойынша кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Өңірлердің әкімдіктеріне тест тапсыру қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тасымалдау нормаларын сақтай отырып, түлектерді тасымалдауды ұйымдастыру, ҰБТ өткізу пункттерінің алдында адамдардың жаппай жиналуын болдырмау тапсырылды.

Н. Үсенова