Елордада 6 сәуірден бастап оқушыларды қашықтықтан оқыту басталады

Елордада 6 сәуірден бастап оқушыларды қашықтықтан оқыту басталады
Фото: astana.gov.kz

Нұр-Сұлтанда карантин кезінде студенттер мен оқытушыларды қашықтықтан оқытуға көшіру үшін көптеген жұмыс атқарылды. Барлық мұғалімдер мен әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың балалары интернет, компьютер және флэш-карталармен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Қашықтан оқуға көшу үшін нақты шаралар қабылдадық. Біз білім алушылар мен оқытушыларды қажетті құрал-жабдықпен қамту мақсатында талдау жасадық. Компьютермен және интернетпен қамтамасыз етілді, қашықтықтан оқыту әдістемесін ұстаздар меңгерген», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы білім бөлімінің басшысы Шолпан Қадырова.

№6 мектеп-гимназиясының директоры Татьяна Крылова онлайн оқу жүйесіне көшу жұмыстары әлдеқашан басталғанын атап өтті. Ол үшін әртүрлі бағдарламалар зерттелді. Мысалы, Microsoft Teams, Zoom, отандық Kundelik платформасы және басқалар.

«Нәтижесінде біз бірнеше платформаны таңдадық. Мәселен, Zoom - онлайн сабақтар өткізуге қолайлы болса,  Kundelik - балалар мен ата-аналардың кері байланыс орнатуы үшін тиімді », - дейді Т.Крылова.

Сонымен қатар, мұғалімдер мен мектеп оқушылары арасындағы жедел қарым-қатынас үшін танымал мессенджерлер де әрқашан қолжетімді.

Н. Үсенова