Ерден Қажыбек: "Латын графикасы тек ғылыми мәселе емес, үлкен саясат"

Ерден Қажыбек: "Латын графикасы тек ғылыми мәселе емес, үлкен саясат"
Фото: massaget.kz

Алматы қаласы әкімдігі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары М. Әшімбаевтың әліпбиді жетілдіру жұмыстарын қорытындылау жөніндегі тапсырмасына сәйкес Алматы қаласындағы Ғылым ордасында “Әліпбиді жетілдіру жұмыстарын қорытындылау бойынша ашық талқылау отырысы өтті.

А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек бүгінгі талқылаудағы маңызды мәселелерге тоқталып, журналистердің сұрағына жауап берді.

– Бүгінгі талқылауда ортақ шешімге келе алдыңыздар ма?

– “Қазақ тілінің мамандары бірауызды болғанына 30 жылдан асты. 1990 жылдың басынан бастап тілші ғалымдардың пікірі ортақ, әліпби нұсқасы біреу. Бірақ тілдік реформадан білеміз соңғы 2-3 жылдан бері бірнеше нұсқа талқыланып жатыр. Бұл еліміздегі демократиялық ұстанымның жарқын көрінісі деп есептейік.  Және уақыт өткен сайын ұсыныстар ғалымдар нұсқасына жақындап келе жатыр. Соңғы Мәдениет министрлігі беріп отырған жобаны ғалымдардың 70-80 пайызы мақұлдады. Бірақ 3-4 қана мәселе шешімін таппай отыр. Тілдік реформа өзінің жауапты мезетіне жақындады. Аз ғана ұсыныстарымыз қабылданбай отыр. Жуық арада, осы талқылаудың нәтижесінде біздің ұсыныстарымыз ескеріледі деген ойдамыз. Бұған таңғалудың қажеті жоқ. Қазақта “батпандап келген, мысқалдап шығады” деген сөз бар. Кезінде бізде бір тілдің әліпбиі болған жоқ, қазақ тілінің әліпбиі екі тілдің әліпбиі болды. Қазақ тілінде төл дыбыстардан бөлек орыс тілінің дыбыстары да болды. Біз сөйлегенде қазақ тілінің дыбыстарымен қоса орыс тілінің барша дыбыстарын да қолдандық. Ашығын айтқанда ботқа түрінде сөйлеуге жазуға етіміз үйренген. Енді дұрыс жазып, сөйлейік десек таңсық, психологиялық тұрғыдан жаңалық сияқты көрінеді. Осындай кезеңдеміз. Рухани жаңғыру арқылы тілімізді түгендеп алуымыз керек. Қазақ тілінің әліпбиі, грамматикасы, емлесі тек қана бір тілдің заңдылықтарына, табиғатына, ерекшеліктеріне бағыну керек. Сондықтан, осындай басқосулардың пайдасы өте көп. 

– Қандай ұсыныстарыңыз бар және олар алдағы уақытта қабылдана ма?

– Латын әліпбиінің өзінің тапжылмас заңдылықтары бар. Дауысты дыбыстың таңбасымен дауысты дыбыстарды таңбалау керек. Осы ережені біз бұзыңқырап келеміз. Өйткені бұрынғы орысша таңбалау ережелері әлі санамызда бар. Олар кейбір ұсыныстарда бой көрсетіп қалып жатыр. Біз ғалымдар олай болмайтынын айтып жатырмыз. Біріншіден бір таңбамен ғана таңбалау керек дейміз. Оны орнына келтірдік. Басқада ұсыныстарды қабылдадық. Енді тек дауысты дыбыстарды дауысты таңбалармен берсек. Дауыссыздарды дауыссыз таңбалармен берсек. Және бүкіл қазақтың төл дыбыстары алфавитте жеке таңбалармен көрініс табуы керек. Біздің бір дыбысымыз біресе еніп, біресе енбей қалып жатыр. Мысалы, орыс тілінде w дыбысы болған жоқ. Ағылшында “windows, washington, whatsapp” дейді ғой. Мұндағы w дыбысы дауыссыз және өте белсенді дыбыс. Маңызды дыбыс. Соны дауысты дыбыс деп таңбалайық деп айтып, ұсынып келе жатқан көпшілік бар. Кейде дауысқа салғанда біз ғалымдар аз боламызда, біздің ұсынысымыз өтпей қалып жатады. Бірақ түптің түбінде ғалымдардың ұсыныстары 100 пайыз қабылдану керек және қабылданатынына ешқандай күмән жоқ. Өйткені халық мамандардың пікірін қолдайтынын уақыт көрсетті. 

Әліпбиді жетілдіру бойынша ашық талқылауда не айтылды?

– Бұл жобаның авторы кім?

Бұл жоба орфографиялық топ, терминологиялық топ, әдістемелік және техникалық сүйемелдеу топтарының бірлескен жобасы. Солар жинақтап, жасап, бірауыздан қабылдап бізге ұсынып отырған жоба. Бұл жобаға ғалымдардың 70-80 пайыз ұсыныстары енді. Бұған түсіністікпен қарау керек. Өйткені тіл саясатына өкілетті орган мәдениет министрлігі. Бұл жоба тек қана ғылыми мәселе емес, үлкен саясат. 

– Енді бүгінгі талқыланып жатқан латын әліпбиі қашан енеді?

– Қашан енеді деген сұраққа жауап берейін. Бұл 17 жылы енуі керек еді. Мамандарға берілсе бас-аяғы 1 аптада енгізетін еді.

– Мамандардың өзі “аққу, шортан һәм шаян” болып жатқан жоқ па?

– Мен ондайды көрген жоқпын. Кейбіреулер басқа жаққа тартып жатса олар тілші емес, техника мамандары, ағылшын тілінің, орыс тілінің мамандары. Ал таза тілшілер бір ортақ пікірде. Мамандар арасында бірнеше нұсқа болған емес. 

Т. Раушанұлы