"Болашақ" бағдарламасымен оқуға түсу талаптары күшейтіледі

"Болашақ" бағдарламасымен оқуға түсу талаптары күшейтіледі
Фото: edu.gov.kz

Алдағы бес жыл ішінде "Болашақ" бағдарламасымен оқуға түсушілерге талаптар күшейтіледі. Бұл жайында "Болашақ" бағдарламасының 25 жылдығы туралы бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов айта кетті.

Мемлекет басшысының "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" жолдауының жетінші бағытын іске асыру аясындағы білім берудің жаңа сапасы туралы келелі істер атқарылуда. "Болашақ" бағдарламасы қолға алынған 25 жыл ішінде 10 096 маман дайындалды. Оның ішінде 5 мыңнан астамы - магистрлер, 3 мыңға жуығы - бакалаврлар, 300-ден астамы - PhD докторлары, аспиранттар мен интерндер. Сондай-ақ 1800-ге жуық маман тағылымдамадан өтті.

Түлектердің жалпы санының 53%-і гуманитарлық мамандықтар бойынша, 37,8% - инженерлік-техникалық, 7,4% - медицина және 1,8% - шығармашылық мамандықтар бойынша оқуларын тәмамдады. Түлектердің 40%-дан астамы экономиканың нақты секторында, 20% - білім және ғылым саласында, 7%-дан астамы медицина және денсаулық сақтау салаларында жұмыс істейді.

- Қазіргі таңда 1255 стипендиат білім алып жатыр. Экономиканың нақты секторының қажеттіліктерін ескере отырып, 160 мамандықты қамтитын 2018 жылға арналған басымдықты мамандықтардың тізімі жаңартылды, - деді Т. Ешенқұлов.

"Болашақ" стипендиясына 20 жыл болған сәттен бастап бағдарламаны іске асыруға айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Бағдарламаның тиімділігін одан әрі арттыру үшін алдағы бес жылдық кезеңге бірқатар маңызды іс-шаралар жоспарланған. Алдымен конкурстық іріктеуге қатысу үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында өңірлік деңгейде онлайн-тестілеу рәсімдерін енгізу көзделген. Екіншіден үміткерлерді сапалы іріктеу мақсатында магистратураға үміткерлер үшін ағылшын тілін білу талабын IELTS 6.0-ға дейін және басқа барлық квота санаттары үшін жоғары балл жинау жоспарлануда. Тек "инженерлік-техникалық қызметкерлер" санатына ғана IELTS 5.5 болады. Сондай-ақ ағылшын тілі деңгейіне қойылатын талаптардың күрделенуіне байланысты 2025 жылдан бастап стипендия аясындағы барлық квота санаттарын алып тастау жоспарлануда.

Н. Үсенова