Латын әліпбиіне көшкен елдер тәжірибесі мен көшкелі жүрген елдер мәселесі

Латын әліпбиіне көшкен елдер тәжірибесі мен көшкелі жүрген елдер мәселесі
Фото: tpg.ua, solvex.by, Pikabu, varlamov.ru, onco.kz, linguis.net, Baq.kz

Қазақстанның латын әліпбиіне көшу жайы күні кеше айтылып, күні бүгін талқыға түскен жоқ. Жарты ғасыр болмаса да, тәуелсіздіктен бергі кезеңде (оған дейін де ауқын-ауқын) айтылып келді. Уақыттың тезінен өтіп, латын әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиін қабылдайтын сәт жетті.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев латын әліпбиіне көшу жайын әр жолдаулары мен маңызды кездесулерде талай рет алға тартты. 2006 жылы Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: "Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес", - деген болатын.

Латын әліпбиін қолданатын елдер картасы

Латын әліпбиі біздің жыл санауымыздан 800 жыл бұрын пайда болған деген деректер бар. Нақтырақ айтсақ, үш мың жылға жуық уақыттан бері адамзат қолданып келеді сөз. Бір тұрғыдан алғанда бұл әліпби бізге аса таңсық та емес. Таңсық болмағанда 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі қазақ тарихында қолданылды. Ал қазіргі ақпарат пен технологияның дамыған заманында жастардың көпшілігі латын әліпбиін жете түсінеді.

Елбасы қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі туралы тарихи Жарлыққа 2017 жылдың 26 қазанында қол қойды. Алайда латын әліпбиіне негізделген нұсқа қоғамда қызу талқыланып, терең қаралды. Одан кейін тағы бірнеше нұсқалар болды. Тіл мамандары мен тіл жанашылары да өз нұсқаларын ұсынды. Талқылана келе бүгін Президент қазандағы Жарлығына өзгеріс енгізу туралы Қаулысын енгізді. Нәтижесінде "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізіліп, жаңа нұсқа жарияланды.

Байқағандарыңыздай, жаңа үлгіде апострофтар енгізілмеген және диакритикалық белгілер бар. Ш, Ч, Ә, Ғ, Ң, Ө, Ү, У латын қарпіндегі жазылуы өзгерген. Бұл нұсқаға өзгерістер енгізілуі немесе енгізілмеуі – уақыттың еншісінде.

Қазақ елінің латын әліпбиіне көшу жайынан саяси астар іздегендер де болды. Заман талабы әліпбиде емес еді деп түсінгендер де кездесті. Қош, барлық пікір ескеріліп, мамандар тарапынан өз жауабын да тапты. Жаңа нұсқаларына қатысты жолданған ұсыныстар да назарға алынды. Қазақстан 2025 жылға дейін латын қарпіне кезең-кезеңімен көшетін болады. "Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады" - деді Елбасы.

Латын әліпбиіне көшу жайы Қазақстанда ғана қолға алынған дүние емес. Қазірдің өзінде латын әліпбиіне ауысуға ынта танытып отырған елдер бар. Көшіп үлгергендері жетерлік. Екі әліпбиді (латын, кирилица) қатар қолданатын мемлекеттер де кездеседі.

Түркия

Түріктер араб әліпбиін ұзақ уақыт қолданып келді. 1928 жылы Түркияның тұңғыш президенті, ұлт көсемі Мұстафа Кемал Ататүрік мамандардан латын әліпбиіне көшу үшін қанша уақыт қажет екенін сұраған. Тіл мамандары 5-10 жылды меңзеген. Әйтсе де Ататүрік жарты жыл уақыт беріп, латын әліпбиін енгізуді қолға алған. Өзі де білек сыбана кіріскен. Латын әліпбиінен діни астар іздеген топтарға да қарсы тұрып, жаңа әліпбиді қолдаған (бұл тұста қазақ жерінде де латын әліпбиі қабылданған еді). Түркияның жаңа әліпби жүйесіне толық өтуіне 30 жылдай уақыт кетті. Қазір түркі елдері арасында латын әліпбиі жолға қойылған бірден-бір ел.

Молдова

1989 жылдың тамыз айында Молдова елінің басшылығы өз тілдерін кирилицаны латын әліпбиі үлгісіндегі румын жазуына алмастырды. Әйтсе де елдің кей аумағында кирилица үлгісіндегі молдован тілі әлі күнге дейін қолданылады.

Әзірбайжан

Әзірбайжан тілінде үш түрлі әліпби бар. Оның бір түрін Ирандағы қандастары араб үлгісінде қолданса, бір түрі Дағыстанда кирилица бойынша жазылып жүр. Ал елде латын әліпбиінде қолданады.

1992 жылдан бастап латынға көше бастаған Әзірбайжан елінде бұл процесс 9 жылда толығымен аяқталған. 2001 жылдан бастап, заң бойынша, мерзімді басылымдар, газет-журналдар, мемлекеттік және жекеменшік мекемелердегі іс-қағаздар тек қана латын әліпбиінде жазыла бастады.

Өзбекстан

1993 жылдың 2 қыркүйегінде Өзбекстан елі латын әліпбиіне өту жайында шешім қабылдады. Бірден латын әліпбиіне көшіп кете алған жоқ. Кезең-кезеңмен өтуде. Бүгінде мектеп бағдарламасы, оқулықтар мен кітаптар латын графикасында жазылып жатыр. Көше атаулары, метро мен көлік бағыттары латынша жазылады. Бірақ кино мен баспасөзде өзбек тілі латын мен кирилицада қатар қолданылып жүр. 

Түрікменстан

Бұл елде көп уақыт араб әліпбиін қолданып келді. Әлі күнге дейін Ауғанстан, Иран мен Ирактағы түрікмендер араб әліпбиі үлгісімен жазады.

Түрікменстанда латын әліпбиіне қатысты заң өткен ғасырдың 90-жылдарының орта шенінде қабылданды. Бір айта кетерлігі, латын нұсқасындағы жаңа әліпби 1930 жылдары қолданылған үлгісінен өзгеше болды. Мамандардың ойынша, бұл елде латынға көшу үрдісі жылдам әрі қатал түрде өтті.

Жоғарыда атап өткен елдердің қатарын Қазақстан да толықтырмақ. Латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшу қанша уақыт алары да алдағы уақыттың еншісінде. Бүгінде Қазақстаннан өзге елдер де латын әліпбиіне көшу жайын қарастырып жатқаны жасырын емес. Қырғыз елінде де 15-20 жылдың ішінде латын әліпбиін қолға алу жайы сөз болған. Украинада да латын әліпбиі мәселесі ауық-ауық талқыланып келеді. Олардың тарихында бұл әліпбиді қолданған кезең де бар.

Сербия мемлекеті латын мен кирилицаны қатар қолданып жүр. Дегенмен кирилица ресми жазу тілі болып саналғанмен, соңғы жылдары латынға өту жайы көбірек қолдауға ие бола бастаған. Черногорияда да латын мен кирилица қатар қолданылғанмен, алдыңғысының басымдығы байқалады. Босния және Герцеговина елінде босния, хорват және серб тілдері латын және кирилица әліпбиінде ресми болып саналады. Мемлекет басшылығы бір тіл мен бір әліпбиді таңдауға әзірге мүдделі емес. Әйтсе де жергілікті басылымдардың барлығы дерлік кирилицадан гөрі латын әліпбиін көп қолданады.

90 жылдары моңғолдар да көне жазуына оралғысы келген. Қарсы шыққандар көбейіп, қолдау болмаған соң, кирилицаны қайта пайдаланды. Бірақ 2025 жылға қарай көне моңғол жазуын қайта енгізуді көздеп отыр. Бұл тұста оларға кедергілер де кездесуде. Кейбіреулер ширек ғасыр мектепте оқытылып келе жатқан жазуды меңгеру қиынға соқпайды десе, енді біреулер оқушылар үшін қиын дейді. Енді біреулер жобаның белгіленген уақытта іске асатынына күмән келтіреді. Тіпті қазіргі моңғол жастары әлеуметтік желілерде латын әліпбиін белсенді қолданады екен. Мұны ескерген моңғол тіл мамандары латын әліпбиіне де мән беріп, екіойлы халде жүр.

Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткенді бүгінмен, бүгінді келешекпен жалғайтын алтын көпір. Осы бір алтын көпірге айналғалы тұрған латын қарпі негізіндегі жаңа әліпби төл тіліміздің қалпын сақтап, мәртебесін асқақтата түссе дейміз!

Ө. Сансызбай