Дамыған 30 елге жол: мұғалімдердің жалақысы маңызды мәселе

Дамыған 30 елге жол: мұғалімдердің жалақысы маңызды мәселе
Фото: YouTube.com

Ұстаз – ең ұлы мамандық. Оның жауапкершілігін сезіну, шәкірт тәрбиелеу, өзің жиған-терген білімді келесі бір ұрпаққа қалдыру, жеткізу үлкен күш. Ал осы күшті арқалау үшін тынбай оқып, еңбектеніп, «бір нәрсе білсін, үйренсін» деп шырылдап жүрген мұғалімдердің бүгінгі жағдайы қандай? Мектеп қабырғасында жүрген оқушылардың неге көңілі толмайды? Әлеуметтік желіде тараған түрлі видеолардан көргеніміздей, оқушы мен ұстаз арасындағы құқық неге бұзылды?

Жалақы мәселесіне келген кезде еліміздегі мұғалімдердің алатын ақшасы өте төмен. Біз дамушы мемлекетпіз. Біз үшін экономика саласын, медицина және мұғалім мамандығын ат үсті емес, білікті меңгерген адамдар керек. Ақиқатында экономика саласына мән беріп, екеуін ұмытып кеттік. Қазір «мұғалім боламын» деп талпынатын оқушыны не студентті емес, «заңгер», «экономист» болғым келеді дейтіндерді жиі көреміз. Ата-анасының қиналғанына қарамастан жылына оқу ақысы миллион теңгеге жететін төрт жылдық білім алуға асығады. Ал педагог, мұғалімдердің мамандықтары миллионға жетпейді.

Бұл салыстыруды айтып отырған себебіміз, ең құнды дүниенің бағасын түсіріп жібердік. Жыл сайын филология және педагогика мамандығына түсетін студенттерден сұрасаңыз, екі жауапты нақты аласыз: «журналистика факультетіне балым жетпей қалды» немесе «грант керек болды». Ал бұл мамандықтар «керек болды» деп керекке жаратпай қоятын сала емес. Бұл жаныңды беру, теріңді төгу, жауапкершілікті арқалау.

Неге жастар жауапкершілік арқалауға талпынбайды?

Жалақының аздығы тікелей әсер еді. Қала берді еліміздегі қағазбастылық мәселесі айтылады, көтеріледі, бірақ шешімін тапқан жоқ. Қағаз жазудан қашқан ұстаздарға электронды күнделік ұсынған күннің өзінде әлі толыққанды қалыптаса алмай жатыр. Өйткені мектеп қабырғасында отырған ұстаздардың дені зейнет жасына жетсе де, әлі үйіне бармай отырған қарттар. Ал олардың компьютерлік білімі жетпейді. Үйрену үшін де уақыт керек. Мектептен шығарып, орнын жастарға берейін десе, жастардың білімі мен қауқары жетпейді. Кім кінәлі? Тағы да айналып жалақыға тірелеміз. Еңбегің үшін лайықты ақша ала алмасаң, тапқаның жыртығыңыды жамауға жетпесе ол кәсіптен шынымен-ақ қандай пайда?

2018 жылдан бастап еліміздегі ұстаздардың жалақысы 30-50 пайыз көрсеткішпен өседі деп мәлімдеді.

Мәселен қаладағы мұғалімдердің жалақысы орташа есеппен 80 мың теңге деп алсақ (бұл 25 жылдық еңбек өтілі бар категория бойынша), олардың алатын сомасы 135 мың теңгеге дейін өседі. Ал 15 және 3 жылдық еңбек өтілі категориясы бойынша 70 мың теңгеден 120 мың теңгеге, 56 мың теңгеден 95 мың теңгеге дейін өседі. Бұл қала бойынша. Ал ауылдық мектептер үшін 10-15 мың теңгеге көп.

Ал Грузия еліндегі ұстаздардың орташа жалақысы 340 АҚШ долларын құрайды. Ал еңбек өтілі жоғары ұстаздар 500 АҚШ долларына дейін айлық алады. Теңгеге шаққан кезде 112 200 – 165 000 теңге арасында. Дәрігерлері 5 мыңнан 15 мың АҚШ доллар арасында айлық алады.

Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін жан-жақты стратегиялық жобалар құрап, жігер мен күшін салып жатыр. Дегенмен еліміз 30 елдің қатарына кірген кезде ұстаздардың жалақсында өзгеріс болуы мүмкін бе? Себебі дамыған отыз елдің ішіндегі Германияның білім саласынадғы мұғалімдерге беретін орташа жалақысы 3 607 евро немесе 1 446 407 теңге. Айына табатын табыс 1,5 миллион теңгеге жуықтайды.

Кезінде ұстаздық еткен Мұхтар Әуезовтердің көзін көрген Зейнолла Қабдолов сынды шәкірттер, олардан кейінгі ұрпақ та білім жолында, жауапкершілік жолында қызмет етті. Тек соңғы ауысқан ұрпақтың санасы өзгеше сәулеленді ме, әлде жалақы мәселесі шешімін таба алмады ма, ұстаз сөзінің құнын түсіріп алдық.

Қытай елінде ұстазға қарсы шығу түгілі, артық сөз айтсаңыз жауап бересіз. Олардың құқы заңмен қорғалады. Сол секілді баланың да құқы сақталған. Тек кінә кімде соны анықтап алу ғана керек. Біздің елде ата-аналар мен оқушылар ұстазға бәрін итеріп, олардан мін іздеуге үйренген. Шындығында бұл жағдайға екі түрлі көзқараспен қарау керек. Бірі ата-аналардың шынымен де баласы үшін күйіп-пісетіні. Себебі қазір ұстаздардың түсіндіргенін бала түсінбей үйіне келіп оқиды. Бұл тұста ата-ананың көкейінде «баламды мектеп не үшін жіберемін?» деген сұрағының туындауы заңдылық. Ал екінші жағынан, "қарға баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым деген" секілді, баласы кінәлі болса да, далаға тастамайтын ата-ананың рөліне қатты беріліп кетіп, ұстаздың сөзін жоққа шығарып тастайтын да жағдайлар бар. Ал мемлекет ата-ана құқын алға тартуға тырысады.

Шешім қандай болмақ керек?

«Ұстаз» деген сөздің қадір-қасиетін қайтарып алу үшін елімізде филология және педагогика саласына оң қабақ таныту керек. Оның басты ерекшелігі «мұғалім» болу үшін енді екінің бірі оқи алмау керек. Ұстаз болу үшін арнайы тапсырмалардан өтіп емтихан тапсыру керек. Ең білікті деп табылғандар ғана мектептке, ЖОО да сабақ беруге жіберілуі тиіс және жалақы өсу керек.

Жаппай 50-60 мың теңгеге жиған білімі өзінен аспайтын, жауапкершілікті арқалай алмайтын мамандарды жұмысқа алғаннан гөрі, ең білікті, «ұстаз» деген мамандыққа лайық адамдарды алу керек. Оларға жеткілікті деңгейде жалақысын беру міндет. Осыдан кейін барып қана білімді, ғылымды сүйетін ұрпақ өседі.

М. Ақан