Міндетті түрде оқу керек кітаптар

Міндетті түрде оқу керек кітаптар
Фото: All-tests.ru

Бізге мектеп кезінен бастап көркем әдебиетті оқытады. Ол арқылы адамның тілдік қоры байып, сөйлем құрау, ойын жеткізу қабілеттері дами түседі. Ал мектеп бітіргеннен кейін де адам өзін өзі дамытып, кітаптан қол үзбеуі керек. Әдеби кітаптармен ғана шектелмей, әр саланың кітабының "дәмін татқан" дұрыс.

Ең маңыздысы – өз салаңызға, мамандығыңызға қатысты кітаптар. Оқу орнын бітірген болсаңыз да, ертең тапсыратын сынағыңыз жоқ болса да, оқи беріңіз. Себебі оқулықтар, ғылыми кітаптар тек емтихан тапсыру үшін, оқытушы алдында айтып беру үшін емес, өзіңіз үшін, болашағыңыз үшін қажет.

Психологиялық кітаптарды,  мақалаларды жиі оқыған дұрыс. Адам психологиялық тұрғыдан мықты болса, өмірдегі кез келген қиындықпен күресіп, оңай жеңуге болады. Басқа адамдардың да жаратылысын, болмысын, не себепті ондай әрекетке барғанын да жақсы ұғына аласыз. Баланың психологиясын да жақсы білген адам тәрбие беру кезінде де келеңсіздіктерге кезікпейді.

Заң тақырыбындағы кітаптарды оқыңыз. Мүмкіндік болса, еліміздің Ата заңын толықтай оқып шығыңыз. Өз құқығын, міндеттерін жақсы білген адам ешкімнен ұтылмайды, өзі де шалыс қадам баспайды.

Қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған кітаптар. Қазір өмірдегі көп нәрсені адамдардың өздері ақшамен ғана байланыстырып қойғандықтан, әр адам сол қаржыны қалай тауып, қалай орынды жұмсауды білгені жөн. Ақшаны соншалықты жақсы көріп, ізіне түсіп кетпеңіз. Тек өз маңдай теріңізбен келген құнды қағазды берекесін келтіріп, жөнімен жұмсауды біліңіз.

Биографиялық әдебиеттер. Әлдекімнің өмірбаянын оқу маған не пайда әкеледі деп ойламаңыз. Өзіңізге ұнамды тұлғалардың өмір жолымен танысып, жетістікке жету құпиясын ашыңыз. "Ондай болмақ қайда" демей, тырысып бағыңыз. Тура сол тұлға жүрген жолды жүріп, өмірін қайталаудың қажеті жоқ, жай ғана болашағыңызға идея алып, жігерленіңіз.

Кітап оқығаннан жапа шеккен адам жоқ. Бүгіннен бастап сіз қолға кітап ұстауды әдетке айналдырсаңыз, болашақта оны көріп өскен балаларыңыз автоматты түрде, ешкімнің тапсырмасын күтпей-ақ, өздігінен кітапқа құмар болып өседі.

@. @assel_assanova