Лондонда дәретханалардан кофехана жасау неге сәнге айналды?

Лондонда дәретханалардан кофехана жасау неге сәнге айналды?

19 қараша — Халықаралық туалет күні

«Викториан дәуіріндегі писуар жанында бір шыны кофе ішу... Поэзия!» - дейді лондондықтар.

Құрылыс буміне және Лондондағы жылжымайтын мүлік бағасының тұрақты өсуіне байланысты британ астанасының әрбір шаршы дюймі алтынмен тең. Тіпті қоғамдық дәретхана болса да.

Лондонның дәл орталығында, Фицровия аймағындағы көптеген кеңсе қызметкерлері бір шыны кофе ішуге бұл жерлерге отыратын орын болмаса да, жиі келеді. Алғашында дәретхана шағын болған себепті көп қонақ қабылдауға тар. Дегенмен, The Attendant кофеханасы осыған байланысты өзінің танымалдылығын жоғалтпайды.

Кофехана Фицровиядағы Фоли көшесінде 2013 жылдың ақпан айында Викториан дәуіріндегі ескі қоғамдық дәретхана орнында ашылды. Көптеген ескі Лондон дәретханалары сияқты ол да жер астында болған.

Жөндеу және тазалау екі жылға жуық уақытты алды. Пит Томлинсон мен Бен Рассел есімді Іскерлік серіктестер 1880 жылдары базардың саудагерлері үшін салынған, сол кезде Титчфилд көшесінің маңында орналасқан қоғамдық дәретханалардың түпнұсқа интерьерін сақтау туралы шешім қабылдайды. Дизайнерлер қатар орналасқан алты унитазға келушілерге үстел ретінде қолдану үшін ағаш тақтайша орнатқан. Сонымен қатар ескі плиткаларды, жез құбырларды және тіпті қол кептіргіштерді де сол күйі қалдырған.

Лондондықтардың дәретханаларды қайта өңдеуі соңғы кездері қарқынды жүріп жатыр.

Бірнеше жыл бұрын Лондонның оңтүстігіндегі Кеннингтон қаласында Artslav өнер галереясы ашылды. Арт-жобаның негізін қалаушылар галереяда концерттер, поэзиялық кештер мен көрмелер өткізуді мақсат тұтқан. Бағдарламада театрландырылған қойылымдар мен фильмдер көрсетілімі де бар.

«Біз ескі мәрмәр дәретхананы сақтап қалдық, оның іші өте әдемі, - дейді жоба негізін қалаушылардың бірі Джон Дэвис зор мақтанышпен. - Бұл жерде біздің тарихымыз сақталған».

Джон Дэвистің айтуынша, жерасты дәретханасына 1960 жылдардағы әйгілі лондондық драматург, интеллигент Джо Ортон жиі барған деседі.

Лондонның оңтүстігіндегі Crystal Palace аймағында орналасқан тағы бір қоғамдық дәретхана да қайта жанданды.

Сәулетші Лаура Кларк оны жайлы екі бөлмелі пәтерге айналдыру туралы шешім қабылдаған. 2012 жылдың жазында аяқталған реставрация 65 000 фунт стерлингке түсті.

Ноттинг-Хиллдегі Вестборн тоғайындағы XIX ғасырдағы қоғамдық дәретханалардың бірі жергілікті тұрғындар арасында танымал болғаны сонша, келушілер оған «Көбікті жағажай» деген лақап ат берген.

А. Оралқызы