Мұсылман елдерінде сақталуы керек ережелер мен кеңестер

Мұсылман елдерінде сақталуы керек ережелер мен кеңестер

Кезекті еңбек демалысына шыққан жандар жылдың кез келген мезгілінде мұсылман елдеріне барып демала алады. Бұл елдерде демалысыңыздың жайлы өтетіні сөзсіз. Алайда, мұсылман елдерінде тәртіп сақтаған абзал. Мұсылман елдеріндегі өмір сүру салты Қасиетті Құрандағы шариат заңына тәуелді. Бұл елдердің тұрғындары шариат заңдарын сақтап, ислам дінінің шарттарын орындайды.

Шариаттан бөлек, бұл елдерде еш жерде жазылмаған өзін-өзі ұстау мен тәртіп кодексі бар. Назарларыңызға мұсылман елдерінде сақтауға міндетті ережелер мен кеңестерді ұсынамыз.

  • Кез келген мұсылман әйелді аяулы жар, сыйлы отана, абзал жан деп құрметтейді. Сондықтан да, ешуақытта мұсылман әйелдеріне көз қысып, сөз салмаңыз. Бұл оған деген құрметсіздіктің белгісі болып саналды. Ол үшін үлкен көлемде айыппұл төлеп, тіпті жазаға тартуы мүмкін.
  • Мұсылман әйелді оның рұқсатынсыз суретке түсіруге, оған қарап күлуге, киімін (паранджа, шадра, бет перде, хиджаб т.с.с) мазақ етуге, оның қолдарын ұстауға болмайды.
  • Мұсылман елдерінде жүрген кез келген әйел діни сеніміне қарамастан, қоғамдық орындарда сым-шалбар, қысқа көйлек, жеңі мен мойны ашық және денеге жабысып тұратын киімдерді кимеу керек. Қасиетті мекендерді аралаған кезде әйел азаматтар бастарына орамал тағады. Тіпті, христиан я католик шіркеулерінде осы ережені сақтауға міндетті.
  • Сондай-ақ, әйелдер ер адамдармен ең бірінші болып сөз бастамауы керек. Қоғамдық көліктерде ер-азаматтың жанына отырмауы қажет. Әйел адам туристік аймақтардан тыс басқа қоғамдық мекендерді аралайтын болса, міндетті түрде, жанында ер-азамат (досы, бауыры, әкесі, күйеуі т.с.с) болуы тиіс.
  • Қала көшелері мен қоғамдық орындарда алкогольді ішімдіктерді ішуге болмайды. Мысалы, Кувейт я Сауд Аравия елдерінде ішімдік ішкен жағдайда, айыппұл төлеуге тура келеді. Біріккен Араб Әмірлігі мен Түркия елдерінде ішімдіктерді ішуге қонақүй бөлмелері мен барларда рұқсат етілген.  
  • Қала көшелері мен қоғамдық орындарда қоқыс тастауға, түкіруге, дау-дамайды шешуге, ұрысып, төбелесуге болмайды.
  • Қасиетті мекендер мен әскери аймақтарды фото/бейне камераларға түсіруге рұқсат жоқ.
  • Мұсылман елдерінде кез келген құмар ойындарға тосқауыл қойылған.
  • Ешуақытта мұсылман елдерінің басшылығы туралы сөз қозғап, оны талқыға салып, оларды әзіл-қалжыңға арқау қылуға болмайды.
  • Жергілікті халыққа шошқа еті мен алкогольді ішікмдіктерді ұсынуға болмайды.
  • Егер де демалысыңыз Рамазан айында болса, қоғамдық орындарда су ішіп, ауқаттанбаңыз.
  • Мұсылман халқымен тілдескен кезде баяу сөйлеп, сыпайы болыңыз.
  • Кез келген дүниені (су, тағам, ыдыс, сөмке, ақша т.с.с.) оң қолыңызбен беріңіз я алыңыз.
  • Тұрып я жүріп келе жатып тамақ-су ішуге, ауқаттанып жатқан кісінің бетіне қарауға болмайды.
  • Намаз уақытында құлшылық жасап жатқан кісілерге қарап, оларды суретке түсіруге, жанынан өтуге, мазақ етуге, қатты сөйлеуге рұқсат жоқ.
  • Қоғамдық орындар мен қала көшелерінде сүйісуге, құшақтасуға болмайды.
  • Сауда орындары мен базарларда кез келген тауар сатып алған кезде, міндетті түрде саудаласыңыз. Сізге жеңілдік жасап, тауарды төмендетілген бағамен береді.

Мұсылман елдерінде ережелер мен тәртіпті сақтаған жөн. Олар дінімен қатар, өз тарихы мен мәдениетіне аса құрметпен қарайды. Сондықтан, сапарға аттанбас бұрын бара жатқан елдің жергілікті салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы жайлы ақпаратқа көз тастағаныңыз абзал. Демалыс кезінде барлығына аса ұқыптылықпен қарап, сыпайылық танытыңыз.

Сурет: readmas.ru 

Форумда талқылау