Бәссаудада сатылған оғаш заттар

Бәссаудада сатылған оғаш заттар

Атақты адамдардың заттарын жинау әлдеқашан сәнге айналған. Бұл бүкіл әлемде тарихы ғасырлардан бастау алатын, жылдық айналымы жүздеген миллион долларды құрайтын үлкен нарық. 

Мысалы, жұлдыздардың қолтаңбаларынан коллекция жасаған Малкольм Форбс есімі әлемге әйгілі. Долларлық миллиардер, әйгілі журналдың ұзақ мерзімді шығарушысы және Forbes империясының мұрагері. Ол өнер туындыларын, көліктер мен... қолтаңбалар жинаушы болды.

Малкольм Форбс

1990 жылы дүниеден өткенде оның коллекциясында шамамен 40-50 миллион доллар тұратын 4000-нан астам қолтаңба болған.

Көптеген басқа миллиардерлердің коллекцияларында өмірден өткен аңыздар тұлғаларға тиесілі көліктер, зергерлік бұйымдар мен киімдер бар. Мысалы, аукционда сатылған ең қымбат жеке заттардың бірі актер Пол Ньюманның аты аңызға айналған Rolex Daytona сағаты болды. Сатып алушы оған шамамен 18 миллион доллар төледі.

Бірақ бұл нарықта әдеттен тыс, «бәртүрлі» заттар да сатылады.

Мысалы, 2007 жылы Ли Харви Освальд 1963 жылы АҚШ президенті Джон Кеннедиді көздеген терезе eBay сайтында $ 3 000 000 астам бағаға сатылды.

«Манчестер Юнайтед» футбол клубының аты аңызға айналған жаттықтырушысы сэр Алекс Фергюсон соңғы кездесуін 2013 жылдың 19 мамырында өткізді (сол кезде оның командасы «Вест Бромвичпен» тең ойнаған). Матч кезінде ол дәстүр бойынша сағыз шайнады: осылайша ол өзінің 26 жылдық мансабында жүйкесін тыныштандыратын. Ол сағызды түкіргенде, команданың адал жанкүйері қалтасына салып алған. Бұл лот аукционда 390 000 фунт стерлингке сатылды. Сатып алушы есімін жасырын сақтағысы келген.

Алдыңғы аукциондармен салыстырғанда 2010 жылы Лос-Анджелесте өткен аукциондардағы лоттарға да таң қалуға болады. Мэрилиннің кеуде рентгені түсірілімі 45 мың долларға бағаланды. Актриса 1954 жылы Флоридадағы Cedars of Lebanon Hospital ауруханасында қаралған. Рентгенология бөлімінің жас қызметкері суретті сақтап қалған. Ол өзі сабақ берген медициналық университеттің студенттеріне көрсеткен, кейін оны қызына ұалдырған. Қызы құнды жәдігерді аукционда сатты.

The Beatles негізін қалаушылардың заттары аукционға жиі қойылды. Ең ерекше лоттардың бірі Джон Леннонның тісі болды, ол жеке клиникалардың бірінде алынған. Тісті Джон өзі 30 000 долларға сатты. Оны тіс дәрігері кабинетін экспонатпен безендіру үшін сатып алған. Сондай-ақ әйгілі топ мүшелерінің шаштары аукциондарда бірнеше рет сатылған. 

Рок-н-ролл патшасы Элвис Пресли қайтыс болғаннан бері аукционда сатылған ең оғаш жеке заттар бойынша рекордтық көрсеткішке ие. Ең ерекше заттары стақандағы шамамен 500 доллар тұратын су мен жеке шаштараз 1800 долларға сатқан бір бұрым шаш болды. Бұл заттар қазір жеке коллекцияларда сақтаулы тұр.

А. Оралқызы