Сананы сілкіген журналистер хикаялары

Сананы сілкіген журналистер хикаялары
Фото: 123rf.com

Журналистика саласының бағыты көп. Бірі саясат жайын қозғаса, енді бірі әлеуметтік тақырыптарға үңіледі. Ақпараттық, аналитикалық, зерттеу, спорт журналистикасының да адам баласына берері мол. Журналистер арасында жаңалық ашқандар, ерлікке барғандар, тіпті алаяқтық жасағандар да бар. Бүгін әлем санасын сілкіткен журналистер хикаясымен  бөлісеміз.

Алғашқы трэвел-журналист

Журналистика саласына ерекше үлес қосқан жандардың бірі – америкалық Нелли Блай. Ол алдымен есінен алжасқан адам болып, жындыханаға жатады. Сол жердегі адамдардың өмірін бақылап, көрген-білгенін басылымға жариялайды. Соның арқасында денсаулық сақтау саласында реформалар жүзеге асады. 

Кейін 1889 жылы Нелли 72 күндік әлем бойынша саяхатқа шығады. Ол Нью-Йорк – Лондон – Париж – Бриндизи – Суэц – Цейлон – Сингапур – Гонконг – Иокогама – Сан-Франциско – Нью-Йорк бағыты бойынша әлемді шарлайды.

Саяхаттың демеушісі баспагер Джозеф Пулитцер болады. Ол жас әрі талантты журналист бойынан тілшіге тән қасиеттерді байқап, оған қолдау көрсетеді.

Нелли тұрақтаған аймақтан арнайы репортаж жасап, телеграф арқылы баспаға жібереді. Нью-Йоркке оралған соң, басынан кешкен шытырман оқиғаларды жинақтап, "72 күндік саяхат" атты кітап жазады. Нелли Блайды бүгінгі трэвел-журналистикасының негізін қалаушысы деуге болады.

Адам өмірін улаған дәрі

1954  жылы Chemie Grünenthal атты неміс фармацевтикалық компаниясы "талидомид" дәрісін өндіреді. Дәрі алғашында эпилептикалық ұстамалары бар адамдарға арналып шығарылды. Кейін оның тыныштандыратын қасиеті бары анықталып, ұйқысыздыққа қарсы қолдана басталды.  

Препарат әлемнің 46 елінде сатыла бастады. Дәрі қолданысқа енген 1 жыл ішінде ауруханаларда туабітті ауытқушылықтармен дүниеге келген балалар саны күрт артты. Соның ішінде көп баланың аяқ-қолы дамымай қалған болатын.

Босанған әйелдердің ауру тарихын зерттей келе, олардың барлығы жүктіліктің алғашқы айларында талидомид препаратын пайдаланғаны белгілі болады. Ол уақытта халық эмбрионның дамуына дәрінің кері әсері болатынынан бейхабар болатын. 

1961 жылы Welt am Sonntag басылымында неміс профессоры Ленц пен аустралиялық дәрігер Макбрайдтың зерттеу жұмыстары жарияланып, дәрі туралы ащы шындық айтылады. 

Бұл зерттеу жұмысы әлемдік дәрі-дәрмек лицензиялау жүйесін толықтай өзгертеді. Кез келген препаратты шығармас бұрын оның ұрықтың дамуына әсері тексерілуі міндеттелді.

Tour de France

Францияның әлемге танымал веложарысын да ойлап тапқан – журналистер. Идея авторлары спорт тілшісі Жео Лефевр мен "Авто" (L'Auto) басылымының редакторы – Анри Дегранж.

1900-жылдардың басында басылым тоқырау алдында тұр еді. Одан шығу үшін басылым беделін арттырып, сатылым көрсеткішін өсіру керек болды. Веложарыс Франция халқының басын біріктірген, Олимпиада ойындарынан кем түспейтін жарнамалық жобалардың бірі болды. Бірақ оған адамдардың белсенді қатысуы күмән тудырды. Себебі жол ұзақ әрі қиын еді. Кей жолдар батпақ болды, тіпті қатысушыларды ұрылар тонап кету қаупі болған. Дегранж бұл шыдамға түскен сын екенін білді. Соған қарамастан біраз адам қатысуға ниет білдірді. 

1903 жылы 1 шілдеде 60 велоспортшы қатысып, 24-і мәреге жетті. Бұл жетістік басылымға жаңа өмір сыйлады. L’Auto газетін жарысты бақылап отыру үшін сатып алғандар саны артты. 1933 жылы басылым рекорд орнатты: жарыс кезінде газеттің күніне 850 мың көшірмесі сатылған.

Энрикенің саяхаты

Бес жасар Энрике мен әпкесін әжесіне тастап, анасы Гондурастан біржола кетіп қалады. АҚШ-қа заңсыз қоныс аудару анасы үшін отбасын асыраудың жалғыз жолы болатын. 

Энрике 17 жасқа толған кезде, анасымен көрісу үшін АҚШ-қа аттанады. Жолдың көп бөлігін пойыздардың төбесінде өткізеді. Ол жерде аман-есен шекара асатындар санаулы-ақ болатын. 

Бірнеше жылдар өткен соң, оның жүрген жолын журналист Сони Назарио қайталап, "Энрике саяхаты (Enrique’s Journey) атты кітап жазады.

Кітапта ол тек баланың өмірін сипттап қана қоймай, Орталық Америкада аш-жалаңаш өмір сүріп жатқан жүз мыңдаған адамның оқиғасын баяндайды. Автор кітабы арқылы иммиграция, босқындар мен отбасылық құндылықтар тақырыбын көтереді.  

2002 жылы журналист еңбегі үшін Пулитцер жүлдесін иемденеді. 

Судан мектептеріндегі жауыздық

 

Суданда діни мектептерде білім алып жатқан балалар қатыгездіктің құрбаны болады. Бұл BBC News Arabic басылымы жарыққа шығарған деректі фильм арқылы белгілі болады.

Зерттеу жұмысын осындай мектепте білім алған түлектердің бірі жүргізеді. 18 ай ішінде ол 23 оқу орнына кіріп, жасырын камераға балалардың тағдырын түсіріп үлгереді.  

Мектеп тәрбиелеу мақсатында балаларға тамақ бермей, шынжырға байлап, соққының астына алған. Сонымен қатар балалар зорлық-зомбылық құрбаны болғанын айтқан. 

Елдегі діни мектептер саны шамамен 30 000 және олар судан мәдениетінің маңызды бөлігі саналады. Мектептегі жауыздық мәселесі көтерілгенмен, біраз уақытқа дейін еленбей келген.

Фильм жарыққа шыққаннан кейін, билік өкілдері кінәлілерді жазалауға кіріскен. Тексеріс басталып, мектеп басқарушылардың басым бөлігі жұмыстан қуылған. 

"Мен жиһад болдым"

2014 жылы француз журналисі Анна Эрель (лақап аты) террористерге өз еркімен тұрмысқа шығып, елінен безген әйелдер туралы зерттеу жұмысын жүргізеді. Оның мақсаты олар қалай жастарды арбайды және неге бойжеткендер жиһадтарға өз еркімен баруға дайын екенін анықтау болатын.

Өзін мұсылманмын деп таныстырып, журналист әлеуметтік желі арқылы Ислам Мемлекетінің әскерімен танысады. Оған әйелі болуға келісім береді. Әскер күн сайын оған қанша адамды өлтіргенін, қандай жазалау үрдістеріне қатысқанын айтып отырған. "Сенің менен алыс, күнәға толы әлемде, күнәһарлар арасында жүргеніңді елестету маған қиын. Маған келген кезде нағыз жұмақтың не екенін түсінесің",– деп жазған жігіт. 

Толыққанды ақпарат жинағаннан кейін Эрель "ойынды" тоқтатып, алдымен мақала, кейін кітап жазады. Онда ол террористік ұйымдардың "қалыңдық" іздеуде қолданатын әдістері ашық көрсетеледі. 

Кітап жарыққа шығысымен журналистке бопсалау хаттары жиі келе бастаған. Ол әлі күнге дейін өзі атын жария қылмай, тәртіп сақшыларының қорғауында өмір сүреді.

"Мираж" тавернасы

1977 жылы "Чикаго Сан-Таймс" басылымы журналистік зерттеу жүргізу үшін бар сатып алған.Қалада жемқорлық күшейген кезең. Жергілікті билік өкілдері әр қадам сайын пара алған. Соның кесірінен шағын бизнес зардап шеге бастайды. Жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіну үшін журналистер тобы басылымды кешкі бар сатып алуға көндіреді. Оны "Мираж" тавернасы деп атайды.  

Журналистер сол жерде жұмыс істеу арқылы, бар әңгімені жасырын камераға жазады. Қала инспекторларын нақты дәлелмен ұстайды. Тергеу оқиғасы 25 мақаладан тұрды. Оны басылым 1978 жылы жарыққа шығарды. 

Мақала билік өкілдерінің назарына ілігіп, түрлі реформаларға әкелді.

Стивен Гласстың алаяқтығы

Стивен Гласс 1990 жылдары журналистика саласының жұлдызы болған еді. Ол беделді америкалық The New Republic басылымында жұмыс істейді. Еңбек еткен үш жыл ішінде ол әріптестері мен оқырмандардың көңілінен шығып үлгереді. Оны талантты журналист ретінде таниды.

Оның барлық мақаласы нағыз сенсация болады. Бірақ кейін оның басым бөлігі ойдан шығарылғаны анықталады.

1998 жылы мамыр айында Гласс "Hack Heaven" атты мақаланы жарыққа шығарады. Ол өзінің жұмыс берушісінің компьютеріне хакерлік шабуыл жасаған жасөспірім жайында болады. Forbes журналистерінің бірі мақаладағы деректерді тексермек болып, кейіпкер жайында және фирма туралы ақпарат мүлде жоқ екенін анықтайды.  

Тергеу барысында оның 27 мақаласы да ойдан шығарылғаны белгілі болған. Сол жылы ол жұмыстан қуылады. 2003 жылы аты шулы оқиға жайында фильм жарыққа шықты. 

Т. Есқали