Алматыдан Нұр-сұлтанға жүгіріп жеткен жігіт

Алматыдан Нұр-сұлтанға жүгіріп жеткен жігіт
Фото: А.Дүйсебаевтың жеке мұрағатынан

25 жастағы азамат Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына дейін 2000 шақырымды жүгіріп өтті. Айтуынша, басты мақсаты – кең байтақ Қазақстанның елдімекендерімен, өңір-аймақтарымен танысу болған. Бір ай бойы жүгірген жігіттің марафоны қалай өтті, нендей ой түйді, денсаулығы мен өмірінде қандай өзгерістер болды, Massaget.kz тілшісі осыны білмек болып марафоншы жігітке хабарласты.

Жас жігіттің есімі – Абай Дүйсенбаев. Павлодар қаласының тумасы. Қазір Алматыда жеке фирмада жұмыс істейді. Бала күнінен спортқа жақын өскен.

"Бала кезімнен белсенді, өмірге ынтық, әлемді танығым кеп тұратын қызығушылығы мол бала болдым. Жастайымнан баскетболмен айналысқанмын. Алматы қаласындағы авиация колледжін бітірдім. Қазір Азаматтық авиация академиясында оқып жатырмын. Әскери борышымды өтеген жанмын. Павлодар, Алматы қалаларында жұмыс істедім", - деп таныстырды өзін кейіпкеріміз.

Айтуынша, жұмыс істеп жүріп күйбең тіршіліктен жалыққан. Әлемді, дүниені көргісі келген. Балалық арманын орындап, ел-жер араламақ болады.

"Алматыда студент болып жүріп, тауға шығуды армандадым. Бірақ оқуым, жұмысым болып, уақыт жетпей шыға алмадым. Бірақ жақында сол арманымды орындадым. Көктемде небары бір айдың ішінде Алматы маңындағы шыңның бәріне шықтым. Шыны керек, маған оңай болды. Тауға шығуды тез үйрендім. Бірақ бұл маған аз көрінді. Бұдан да мықты, бұдан да қауіпті сынаққа бел байлағым келді. Шетелге шығуға мүмкіндік аз. Қазір карантин. Содан кең байтақ жерді, тым болмағанда жартысын аралап шығайын дедім. Жай емес, еліміздің оңтүстік-шығыс, солтүстік-шығыс өңірлері арқылы жүгірейін деген ой келді. Содан Алматыдан Нұр-сұлтан қаласына қарай 12 шілде күні жолға шықтым", - дейді Абай Қанатұлы.

Ол Алматы-Талдықорған-Алакөл-Аягөз-Семей-Павлодар-Нұр-Сұлтан қаласы бойымен марафонға шыққан. Павлодарға дейін 1500 шақырым жүгіргеннен кейін туған жерінде 10 күндей демалып, содан 15 тамызда Елордаға жүгіріп жеткен. Сонда ұзын саны 1 ай жүгірген. Ал Павлодар мен астананың арасындағы 500 шақырымды 4 күнде жүгіріп өткен.

"Күндік маршрутым былай болды. Күндіз түн батқанға дейін бір елдімекеннен екіншісіне жүгіріп жетіп аламын да, түнде сол ауылда өткіземін. Кейде қонақ үйге, кейде ауыл адамдарының үйіне жатып жүрдім. Соның арқасында ел таныдым, жер көрдім десем болады. Біздің халқымыз – сондай қонақжай, ізгі жандар. Жағдайыңды түсіндірсең, қол ұшын беруге әзір тұрады. Жақсы әсер алдым. "Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа" демекші, әр елдің өз салты, сөйлеу стилі, қонақ күту дәстүрі бар. Соны көрдім. Ауыл адамдарымен таныстым. Жанашыр, қайырымды жандар", - дейді марафоншы.

Айтуынша, әсіресе Алматы облысына қарасты Сарқанд ауылының жамағаты ерекше күтіп алған екен. Дастарханын жайып, сый-сыяпатын көрсеткен көрінеді.

"Жолда жүріп, еліміздің тарихымен таныстым. Әр елдімекеннің өз тарихы, өз шежіресі бар. Қаншама батыр тұлға, әулие-дана адамдар өтті. Кең дала тарихқа сайрап жатыр", - дейді кейіпкеріміз.

"Алыс астанаға жүгіріп барамын" дегенге тұрғындар не деді? Бұл сауалға марафоншы былай деп жауап берді.

"Әркім әртүрлі. Кейбірі таңданады, кейбірі қолпаштап жатады. Ал кейбірі мүлдем сенбейді. Артымнан қарап сынап тұрғандар да болды", - дейі желаяқ.

 "Жолда үнемі су ішіп отырдым. Тамақ ішпесем де, суға қанып аламын. Бір қызығы – әр жердің суы әрқалай екен. Бір жердікі бал татыса, енді бір жердікін іше алмадым. Тәтті-ащы. Дәмі сүт сияқты сулар бар. Оны да көрдім", - дейді Абай Қанатұлы.

Ал жолда қандай қиыншықтар болды дегенге кейіпкеріміз "көп қиындық болды дей алмаймын" деді.

"Рюкзак шамалы ауырлау болды. Жүгіруге ыңғайсыз. Қазір жаз. Жабайы аңдар жоқ. Сондықтан уайымдамай жолға шыға беруге болады. Жолда аяғым біраз жара боп қалғаны рас. Бірақ оны Алакөлдің суына түсіп екі күнде жазып алдым", - дейді марафоншы.

"Алыс жолды жүгіріп шығып, өмірде де, денсаулығымда да өзгеріс басталғанын байқадым. Ойлаған ойымды іске асыра алғаныма, жігерлік танытқаныма іштей қуандым. Өзімді бағалауым өсті. Денсаулығым шыңдалды, төзімді, табиғи ортаға бейімделгенімді сездім. Ең бастысы қорықпау керек екен", - деп сөзін аяқтады Абай Дүйсенбаев.

Қ. Слямбек