Жаңа жылды бірінші қарсы алатын елдер

Жаңа жыл – әлем елдері асыға күтетін мереке. Әдетте желтоқсанның 31-нен қаңтарға қараған түні мерекені тойлайды. Дегенмен уақыт белдеуіне байланысты әр ел әрқалай уақытта жаңа жылға өтеді. 

Жаңа жылды бірінші болып Кирибати халқы қарсы алады. Кішкентай ғана арал-мемлекет Тынық мұхитында орналасқан. Бір қызығы, 1994 жылы президент сайлауына түскен үміткер жеңіске жетіп жатса, Кирибати еліне жаңа жылды бірінші қарсы алуға мүмкіндік жасайтынын айтқан.

Қазір Кирибати үш уақыт белдеуіне бөлінген. Елдің шығысындағы тұрғындар жаңа жылды Нұр-Сұлтан уақытымен 31 желтоқсан күні 16:00-де қарсы алады. 15 минуттан соң мерекені тойлауға Жаңа Зеландияның Чатем аралының тұрғындары қосылады. Өйткені бұл арал Жаңа Зеландияның құрамына кіргенімен өзі бөлек арнайы уақыт белдеуіне қосылған. 

Сондай-ақ, Тонга корольдігі жаңа жылды алғашқылардың қатарында қарсы алады. Король төртінші Тауфаахау Тупоу Тонганы Гринвич уақытынан 13 сағат алда жүретіндей етіп бекітті. Осылайша, Тонга Кирибати және Чатем аралымен бірге жаңа жылды бірінші қарсы алады.