Құм қалай түзіледі?

Құм қалай түзіледі?
Фото: freepik.com

Әдетте жауын түспейтін аймақты шөлейт деп айтады. Су тапшылығынан өсімдіктер өспей, жануарлар мекен етпейді. Тек арагідік шөлге төзімді жылан мен тышқанды кезіктіруге болады. Ғалымдар Жерде 51 шөлді аймақ бар екенін айтады. Оның ішінде тек құмды жерлер ғана емес, Антарктидадағы тақыр жерлер де бар. Оңтүстік полюсте суық болған соң құм болмайтыны анық. Дегенмен әлемнің басқа аймақтарында құмның қайдан пайда болатыны жайлы бір сәт ойланып көрдіңіз бе? 

Шөл

Шөл сөзін естігенде бірден ойымызға ыстық күннің астында аяқ бастырмайтын құмның үстінде кетіп бара жатқан түйе керуені елестеуі мүмкін. Мұның бәрі көркем фильмдерден қалған әсер. Шындығында, қалың құм басқан шөлдің астында кәдімгі топырақ жатыр. Тек жергілікті климаттың әсерінен ыстық құмда ештеңе өспейді, оған қоса тіршілікке қолайсыз. 

Әдетте шөлді айнала тау қоршап тұрады. Биік таулардан жауын бұлты өте алмағандықтан шөлде жаңбыр жаумайды. Оған қоса ыстық аймақтарда орналасқандықтан жылы жел тұрып, құмның түзілуіне әсер етеді. Дегенмен айналасында бір де бір тау жоқ шөлейт жерлер кездеседі. Ол аймақтарда қысым өте жоғары болып, бұлт түзілмейді екен.

Құм қайдан пайда болады? 

Шөлдегі құм өте ұсақ тастан тұрады. Әдетте құмды Жерде ең көп кездесетін таза кварцтан тұратын тастар құрайды. Шөлейт жерде күндіз құмның беті 80 градусқа дейін ысып, түнде салқындай түседі. Температураның бірден өзгеруі тау жыныстарының жылдам ыдырауына әсер етеді. Ғалымдар шөлдегі құм төбелер дәл осылай пайда болады деп топшылайды. Ал ыстық жел құмды шөлдің әр жеріне ұшып әкетеді. Соның әсерінен өсімдіктер тамыр жайып, бір жерге орныға алмайды. 

Шөлейт жер үшке бөлінеді:

эрг – құм төбелер түзілетін шөлейт жер;

хамад – тасты шөлейттер;

серира және реги – тас та, құм да кездесетін шөлейттер.

Салыстырмалы түрде шөлде құм аса көп емес. Зерттеушілер шөлдердің 80%-де құм кездеспейтінін айтады. Әдетте шөлдер саз-балшық және байырғы жыныстан тұрады. 

Жаһандық жылынудың салдарынан уақыт өте Жердегі шөлдердің саны артып келеді. Дүниежүзінде климат өзгеріп, көптеген аймақта құрғақшылық болып жатыр. Жерлердің шөлейттену қаупі Орталық Азияның бірқатар елдеріне төніп тұр екен. Мамандардың зерттеуі бойынша 4-10% өңделетін, 27-68% жайылым жерлері, 1-8% орман алқаптары шөлге ұшыраған. Қазақстанда шөлейттенген жер көлемі жыл өткен сайын ұлғайып барады. Қазір ел территориясының 180 миллион гектардан астам аумағы тозған.

А. Рысдәулет