2600 жылдық саркофаг журналистердің алдында ашылды

2600 жылдық саркофаг журналистердің алдында ашылды

Мысыр ежелгі істер министрі Халид әл-Ананидің айтуынша, Каир маңындағы Саккара қорымынан кем дегенде 59 ежелгі саркофаг табылған. Ашу рәсімі Жосер пирамидасының алдында өтті.

Aрхеологтар бірегей жаңалықтарды журналистер мен дипломаттарға арнайы таныстырылымда ұсынып, оның бірін баспасөз алдында ашты.

Әл-Анани табыттардың көпшілігінде мумияланған мәйіт болғанын айтты. Олар 2600 жыл бұрын жерленген.

"Мен мұны үлкен археологиялық жаңалықтың бастамасы деп санаймын", - деген министр табыт табылған жерде саркофагтар көбірек болуы мүмкін екенін хабарлады.

Жарқын түспен безендірілген табыттар біздің дәуірімізге дейінгі 664-525 жылдары өмір сүрген діни қызметкерлерге, шенеуніктерге және элита мүшелеріне тиесілі екен.

Каирден 30 шақырым қашықта орналасқан Саккара 3000 жылдан бері зират ретінде қолданылып келеді және Ежелгі Мысыр астанасы Мемфистің негізгі қорымы болған. Бұл аумақ қазір ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасы тізіміне енген. Саккарада Ежелгі Мысырдың ықпалды және жоғары лауазымды тұлғаларына тиесілі кем дегенде 11 пирамида мен жүздеген саркофаг бар.

Т. Раушанұлы