Екі ел еншілей алмай жүрген тау

Екі ел еншілей алмай жүрген тау

"Қандай тауды білесің," десе, өзіміз барып көрмесек те, көргендей болып «Эверест, Гималай...» деп тізе береріміз анық. Жадымызда асқар Алатауымыз таулар көшін бастап тұр. Осы тізімде атауы ерекше бір тау бар. Ол – Монблан тау сілемі. Олай болса, Монблан туралы қандай деректер бар екен? Біліп жүрейік.

Монблан – биіктігі 4810 метр құрайтын кристалды тау сілемі. Альпі тау жүйесінің Батыс Альпі бөлігінде орналасқан. Франция, Италия және Швейцария шекарасында орналасқан бұл таудың 200 км² ауданы мұз боп қатқан. Франция еліндегі бөктері мұзды әрі қарлы, ал Италиядағы бөктері құзды, швейцариялық бөктері құзды әрі қарлы. Француздар Mont Blanc десе, италиялықтар Monte Bianco деп атайды. Таудың атауы «Ақ тау» деген мағынаны білдірсе керек. Монбланның ең ірі мұздығы Мер-де-Глас деп аталады. Тау сілемінің жалпы ұзындығы 50 км.

Бұл тау туралы алғаш рет жарияға жар салған альпинистер Жак Бальма мен Мишель Паккард. Олар 1786 жылы 8 тамызда Ақ тау туралы дерек қалдырған. Тарихта «Монбланның шыңына шықсам» деген жандар көп. Бұл таудың шыңын 1808 жылы Мария Паради бағындырған. Сөйтіп, ол Монблан шыңына шыққан тұңғыш әйел атанып, тарихта қалды. Тіпті, Америка Құрама Штаттарының 26-Президенті Теодор Рузвельт 1886 жылы өзінің бал айында осы таудың шыңына көтерілген. Жалпы, альпинистер Монбланның шыңына жету үшін 5-7 күн жол жүреді екен.

Табиғат адамзатқа ортақ екені анық. Бір қызығы, бұл таудың қай ел «меншігінде» екені әлі күнге дейін белгісіз. Себебі, француздар мен Италия жұртының арасында бұл тауды иемдену жөнінде келіспеушілік туған.

Монблан етегінде қашықтығы 11,6 км  метрді құрайтын, тауды жарып жатқан туннель бар. Бұл туннель арқылы жергілікті халық Франция мен Италия арасына көлікпен қатынайды.

Г. Берік