Мариана шұңғымасына қатысты қызық деректер

Жердің ең терең нүктесі Мариана шұңғымасында орналасқан. Оның тереңдегі – 11022 метр. Massaget.kz Мариана шұңғымасы жайлы қызық деректерді жинақтады.

Мариана шұңғымасы – өте аз зерттелген, құпияға толы жырақ әрі бүгінгі таңда анықталған ең терең жер. Оның ең түпкі нүктесі "Челленджер тұңғиық" деп аталады. Бұл шұңғыманы зерттеген 2 теңіз кемесінің құрметімен аталған екен.

2011 жылы ғалымдар 10 994 метрге тереңдікке жеткен. Бұл тереңдікте Күн сәулесі мүлдем түспейтініне қарамастан екі жүзден астам микроағзалар мен кішкентай тіршілік иелері табылған.

Шұңғыманы мекендеушілерді зерттеу арқылы тірі ағзалардың қоршаған ортаға қалай үйренетінін анықтауға болады дейді ғалымдар. Одан бөлек, адам көзінен тыс жерде өмір сүріп жатқан ағзалар Жердегі тіршіліктің қалай пайда болғанын түсінуге жол ашуы мүмкін.

Бір қызығы, Мариана шұңғымасында кәдімгі тау жоталары бар. 4 бірдей шыңның биіктігі екі шақырымнан асып жығылады.

Шұңғыманың маңында Мариана аралдары орналасқандықтан оған Мариана атауын берген.

1960 жылы Дон Уолш пен Жак Пикар өздігінен жүзетін Триест қайығымен 11 мың метр тереңдікке түсті. Осыдан соң бұл жерді "Триест тереңдігі" деп атап кетті.

Су астында қысым еселене түседі. Мариана шұңғымасындағы қысым атмосферадан 1072 есе жоғары.

Күн сәулесі түспейтін Мариана шұңғымасындағы судың температурасы 2 градустан аспайды. Дегенмен кейбір жерінде гидротермалық тесіктер болғандықтан судың температурасы 370 градусқа дейін жетеді.

Шұңғымада қауіпті тіршілік иелері өмір сүреді. Мысалы, бір жасушалы ксенофиофора амебасы ауыр металдан тұрады. Оның ішінде қауіпті сынап, қорғасын мен уран бар.