Рейнисфьяра – құмы қара жағалау

Құм десе, көбіміздің ойымызға сары түс елестері анық. Теңіз бен мұхит жағасындағы кейбір құмдар ақ, маржан түсті. Жер бетіндегі құмның түрі көп-ақ. Бірақ құмның қара болады деп ешкім ойламасы белгілі.

Ендеше біле жүріңіздер, Исландияда құмы қара "Рейнисфьяра" атты жағалау бар. Қазір елдің көрікті мекеніне, туристтердің жиналатын орнына айналған.

Құмның неге қара екенін түсіндіру оңай. Исландия – жанартау мен гейзердің, ыстық лаваның мекені. Аталмыш жағалаудың жанында да қара жанартау бар. Одан аққан лава мұхит түбіне дейін барып суып, сол жердің тау жынысына айналған. Бұл – мыңдаған жыла созылған құбылыс екені анық.

Мұхит толқыны жағалауды шайып, қатқан тау жынысы бірте-бірте ұсақ түйіршіктерге айналып, жағаға шығып қалған.

Қара жағалаудың ұзындығы 5 шақырымға созылады. Жоғарыда айтқанымыздай, жағалау – Исландияның көрікті мекендерінің бірі. Ағылған турист көп. Ең қызығы да сол – туристтер мұнда суға шомылуға, күюге келмейді. Су суық, климат жауын-шашынды. Мұнда түнерген аспан мен қара жамылған табиғаттың әдемі көркін көру үшін келеді.