Күн жүйесінде тоғызыншы планета бар ма?

Күн жүйесінде тоғызыншы планета бар ма?

Осыдан тура 14 жыл бұрын Халықаралық астрономия одағы конгресінің 2,5 мың қатысушысы таңғаларлық шешім қабылдап, Плутонды Күн жүйесіне кіретін планеталар тізімінен алып тастады. Бұған себеп – ашылғанына 76 жыл болған Плутонның әр планетаға қойылатын талаптарға сәйкес келмеуі.

Сонымен қазіргі таңда Күн жүйесі 8 планетадан тұрады: Жер тобы планеталары деп аталатын 4 ішкі және газды алыптар деп аталатын 4 сыртқы планетадан құралған.

Жер тобына Жер, Меркурий, Венера және Марс кіреді. Олардың барлығы сайып келгенде силикаттар мен металдардан тұрады.

Күн жүйесіндегі планеталар көлемі жағынан жеке топ ішінде де, өзара топтар ішінде өзгешеленеді. Мысалы газды алыптар жер тобына қарағанда едәуір үлкен де, көлемді келеді.

Күнге ең жақын планета Меркурий болса, ары қарай планеталардың қашықтауына байланысты Шолпан, Жер, Марс, Юпитер, Сатурн, Уран, Нептун болып орналасқан.

Алайда ғалымдар тоғызыншы ғаламшардың бар болуы мүмкін екенін айтады. Оған тікелей дәлел болмаса да, Күн жүйесінде тағы бір ғаламшардың бар деуге негіз бар.

Астрономдар Күн жүйесінің шекарасын зерттеу кезінде қызық құбылысты анықтаған. Кішігірім денелер өзінен әлдеқайда алып дененің гравитациясы әсерінен қозғалады екен. Бұлар астероидтар тобы болуы әбден мүмкін. Дегенмен ғалымдар оның ортасында Жерден 20 есе ауыр дене бар болуы мүмкін деп топшылайды. 

Заманауи телескоптардың Күн жүйесінің шетін қарауға қабілеті жетпейді. Тіпті, қуатты телескоп жасап шыққанның өзінде алыстағы "ғаламшар" өте күңгірт болуы мүмкін. Мұндай жағдайда оны табу өте қиын болмақ. 

Ғалымдар тоғызыншы ғаламшар Күн мен Жердің арақашықтығынан 1000 есе алыс аймақта орналасуы мүмкін екенін айтады. Тоғызыншы ғаламшар 1000 астрономиялық бірлікте "жасырынып жатуы" ғажап емес. Күннен ең алшақ Нептунның өзі 30 астрономиялық бірлік қашықтығында орналасқан екен. 

А. Рысдәулет