Жертесер – әлемдегі ең кішкентай сүтқоректі

Жертесер – әлемдегі ең кішкентай сүтқоректі
Фото: flickr.com

Соңғы деректер бойынша адам баласы жануардың 1,6 миллионнан астам түрін зерттеп үлгерген екен. Соның ішіндегі ең кішкентай сүтқоректі жертесер жайлы білесіз бе?

Бүгінде жертесердің 290 түрі белгілі екен. Дегенмен оның тек екеуі ең кішісі саналады. Бірі жойылып кеткен батодоноид болса, екіншісі – этрусс жертесері.

Жертесер адамзатқа эоцен дәуірінен белгілі. Оңтүстік Америка және Аустралияда кездеспейтін жертесердің 21 туысы, 290 түрі бар. Сырт келбеті кәдімгі тышқанға ұқсайды. Алайда бірнеше сантиметрден артық өспейді. Өмірінің басым бөлігін жер астында ін қазып өткізеді. Ғалымдар жертесерді қорек талғамайтындар қатарына жатқызады, дегенмен олар негізінен жәндіктермен қоректенеді. Кейбір түрі кесіртке, бақа секілді кішкентай жануарларды корек еткенді жақсы көреді. 

Жертесер еліміздің солтүстігінде және шығысында, оңтүстік-шығысында шөбі қалың өзен, көл маңында, таулы жерлерде тіршілік етеді. Қазақстанда жертесердің 5 туысының 13 түрі мекендейді, оның ішінде путорактар, ала жертесерлер, кішкентай жертесерлер, ақтіс жертесерлер және су жертесері бар. Дене тұрқы 3-18 см, салмағы 1,5-4 грамм. Құйрығының ұзындығы 1-12 см.

Басы үлкен, тұмсығы үшкірлеу. Құлақ қалқандарының құрылысы ерекше қалта тәрізді қатпарлы болады. Мұрттары ұзын, көзі кішкентай. Жүні барқыттай жұмсақ, қоңырқай, сұр, қара не қара қоңыр. Ересек еркектерінің бүйірінде, шабында өзіне тән иіс шығаратын бездері болады. 

Әлемдегі ең кішкентай сүтқоректі саналатын этрусс жертесері негізінен Еуропаның батыс бөлігінде (Португалия, Испания мен Франция) және Қытайда мекендейді. 

Құйрығын қоспағанда этрусс жертесерінің ұзындығы – 4,5 сантиметр. Ал салмағы бар болғаны 1,7 грамм екен. Өзге жертесер секілді бұлар да ін қазып, дымқыл жерде тіршілік еткенді ұнатады. Көбіне тау үңгірлерінде, жарамсыз ғимараттар мен өзге де тығылуға ыңғайлы жерлерде жүреді. Күндіз аса көп қимылдамайды. Есесіне күн батқанда өзінің салмағынан екі есе көп қорек іздеуге шығады. Орта есеппен этрусс жертесері 3 жыл өмір сүреді.

А. Рысдәулет