Жапондардың "Меккесі" жабылды

Жапондардың "Меккесі" жабылды
Фото: ethnomir.ru

Жапон үкіметі коронавирустың таралуын болдырмау үшін 1960 жылдан бері алғаш рет  Фудзияма тауына көтерілу үшін қолданылатын барлық 4 бағытты жапты.

Жапонияның ең биік шыңына көтерілетін төрт негізгі жолдың үшеуін басқаратын Сидзуока префектуралық әкімшілігі биыл тауға шығатын маршруттардың ешқайсысы ашылмайтынын мәлімдеді.

Көркіне көз тоймас Фудзисан

Яменаси префектурасы да тау шыңына алып баратын төртінші бағыттың жабылатынын жариялаған. Фудзиямаға шығу маусымы әдетте шілдеден қыркүйекке дейін жалғасады.

©desktopbackground.org

Айта кетейік, Фудзияма — жапон елінің нышаны, жапондардың қасиет тұтатын тауы, оған жыл сайын ондаған мың адам көтеріледі. 

Фудзияма, Фудзи, Фудзисан (айн халқының тілінде Фусхи – от құдайы, жапон тілінде сан – тау) — Хонсю аралының оңтүстік-шығысындағы әрекетті жанартау, Жапонияның ең биік жері (3776 м). Токио қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 100 шақырымдай жерде. Тау кратерінің тереңдігі 250 метрдей, оның шыңында 10 ай бойы қар жатады. Беткейлерінде мәңгі жасыл ормандар, бұталы өсімдіктер өседі. Фудзи-Хаконе-Идзу ұлттық саябағының құрамына кіреді.

Т. Раушанұлы