Негізгі / Лайфстайл / Әлемтану / Сырлы әлем / Ромалэ: Арғы тегі сыған атақты адамдар
Ромалэ: Арғы тегі сыған атақты адамдар

Бүгін  – Халықаралық сығандар күні. "Жаратушы ие сығандарды ерекше таланты мен сауық-сайраны үшін жақсы көріп, өзі ұнатқан халқына күллі әлемді сыйға тартады. Сондықтан да, сығандар бір жерде ұзақ аялдау, отырықшы өмір сүру дегенді білмейді"... - дейді аталған ұлт өкілдері өздері туралы.

Осы мерекеге орай өзін танысаңыз да, арғы тегінде сығандар болғанын біле бермейтін атақты жұлдыздар тізімін ұсынамыз.

Златан Ибрагимович

Швед футболшысы Златан Ибрагимович есімі жер жаһанға мәлім. Тегі босниялық хорваттар екенін ол әр сұхбатында айтып келеді. Бірақ оның әкесінің бойында сығанның қаны барын бірі білсе, бірі білмейді. Бұл дерек спортшы италиялық командаларда ойнаған кезде белгілі болды. Себебі осыған қатысты түрлі нәсілшілдік қақтығыстар орын алған. Мысалы, 2012 жылы «Милан» мен «Интер» арасындағы ойын кезінде бәсекелес команда жанкүйерлері Ибрагимовичтің суретінің қасына «Мен сығанмын» деп жазған.  

Қалай болғанда да, Златан футбол тарихындағы үздік бомбардир және өз тегін мақтан тұтады.

Чарли Чаплин

2011 жылға дейін Чарли Чаплиннің тегінде сығандар болғаны беймәлім еді. BBC арнасы түсірген деректі фильмде атақты актердің ұрпақтары отбасылық архивте атасының сыған ұрпағы екені туралы айтылатын хат барын айтады. Қазір ол хат музейде сақтаулы тұр.

Элвис Пресли

2008 жылы «Америкалық эмиграция» журналына шыққан мақалада Элвис Преслидің сыған екені туралы айтылады. Алдымен, оның анасының тегін зерттеген ғалымдар кезінде британиялық сығандар тегін «Смит» деп жаздырғанын анықтаған. Ал «Преслер» тегі XVIII Германияда тұрақтаған сығандарға тиесілі.

Анна Нетребко

Атақты опера әншісі Анна Нетребко өзінің сыған екенін жасырмайды. Нағыз талант иесін дүниеге әкелген анасы  – Краснодарды тұрақ еткен сығандардың ұрпағы. Нетребко әншіліктің қанмен берілген айтады.

Рита Хэйворт

«Голливуд ханшайымы» атанған актриса Рита Хэйворт өткен ғасырдың 40-шы жылдары күміс экраннан түспейтін. Оның шын есімі Маргарита Кармен болатын. Бойжеткен испан сығандарынан тараған. Талай Голливуд фильміне түскен Рита Хэйворт көркіне көз тоймас хас сұлу еді.

Ронни Вуд

Rolling Stones рок тобының гитарисі Ронни Вуд – нағыз сыған. Оның әке-шешесі Лондонның батысында тұрған. Ронни да, оның бауырлары да жұпыны жер үйде дүниеге келген. Қазір Вудтың бес баласы, он немересі бар.

Екатерина Климова

Тек Ресей ғана емес, тұтас ТМД кино әлеміне есімі жақсы таныс Екатерина Климованың нағашы әжесі табор сығаны болған. Актрисаның бойында сыған қаны бар екенін сұлулығымен қоса, осы ұлт өкілдеріне тән тым еркіндіксүйгіш мінезінен де байқалады.

Дайындаған: Айымгүл Оралқызы
Фото: vk.com
Қосылған күні: 08 сәуір, 17:35