Жердегі жағажайдың жартысы жоғалуы мүмкін

Жердегі жағажайдың жартысы жоғалуы мүмкін
Фото: yandex.kz

Еуропа комиссиясының Біріккен зерттеу орталығының мамандары 2100 жылға дейін Жер бетіндегі жағалау мен құм жағажайдың жартысы су астында қалатынын айтады. Алдағы 30 жылдың өзінде жағажайдың ширек бөлігі су астында қалуы мүмкін. Мұны Phys.org басылымы хабарлады.

Ғалымдардың айтуынша, климаттың жылынуы, мұздықтардың еруінен осы ғасырдың соңына дейін теңіз деңгейі 84 сантиметрдей көтерілуі мүмкін. Қазір туризмнің орталығы – құм жағажайлардың жартысы су астында қалмақ. Яғни, 132 мың шақырым жағалауды су алып, туризммен айналысып отырған мемлекеттердің экономикасына үлкен соққы болуы мүмкін.  

Егер күн қазіргідей тез жылынатын болса, онда алдағы 30 жылдың ішінде-ақ жағалаудың көп бөлігін су шайып кетпек. Жағалауды су алған соң, табиғи апат, дауыл мен жел де күшеймек. Өйткені құрлықты қоршап тұрған жағалау су астында қалған соң, дауылға төтеп берер қорған қалмайды.

Мәліметтерге қарағанда, ең көп зардап шегетін ел Аустралия болмақ. 60 жылдың ішінде 15 мың шақырым жағажайын су баспақ. Одан кейін Канада, Чили мен АҚШ, одан әрі Мексика, Қытай, Ресей, Аргентина, Үндістан мен Бразилия тұр.

Бұл жалпы болжам ғана. Бәрі Антарктида мен Гренландиядағы қалқан мұздықтың қаншалықты тез еруіне байланысты. Ол тез ерісе, онда жағдай қазіргіден де мүшкіл. Әлемде температура жыл сайын онсыз да 3 градусқа жылынуда.

Қазірдің өзінде пайдалы қазбаларды жағып, ауаны ластауды тоқтатты дегеннің өзінде мұздықтардың еруін тежеу мүмкін емес. Өйткені ғаламдық жылыну басталып кетті. 

Қ. Слямбек