Қытайлар неге сүт іше алмайды?

Қытайлар неге сүт іше алмайды?
Фото: www.sbs.com.au

Адам ағзасында, нақтырақ айтсақ, асқазанында сүтті қорытуға арналған арнайы фермент болады. Оны ғылымда лактаза деп атайды. Лактаза – сүт құрамындағы лактозаны қорытуға арналған ұйытқы.

Лактазаны ерекше фермент деп аталуы да сондықтан – оның әр адамның ағзасында әртүрлі мөлшерде болатындығы. Кейбір адамның ағзасында лактаза аз болады да, ондай асқазан сүтті жақсы қорыта алмайды. Кей адамдардың сүт іше алмайтыны да сондықтан.

Бірақ дүниеге келген сәбидің ағзасында лактаза мол болады. Ол ана сүтін өңдеу мен қорыту үшін қажет. Алайда уақыт өте келе лактазаның мөлшері төмендей береді.

Лактазаның жетіспеушілігін ғылымда гиполактазия деп атайды. Яғни, лактозаны көтере алмаушылық.

Ең қызығы да сол – кейбір халықтардың ағзасы сүтті қорытуға мүлдем бейімсіз келеді екен. Мәселен, әлем халықтары арасында қытай мен Америкадағы үндістердің асқазаны сүт өңдеуге мүлдем «жарамсыз» келетін көрінеді.

Адамзат дәуірінен

Әлем халықтары арасында сүт іше алмау деген сонау көне дәуірлерден басталған. Еуропа құрлығынан табылған ежелгі адамдардың сүйек қаңқаларын зерттеу кезінде, осыдан 6 мың жыл бұрын адам ағзасында лактазаның жеткілікті мөлшерде болғаны анықталды. Ол дәуірде өмір сүрген адамдар жан-жануар асырап, сүт ішкені белгілі.

Бірақ уақыт өте келе адамзат сүттің өзін ғана ішпей, одан сүзбе, сыр, ірімшік сынды өнімдер жасауды үйренеді. Ал мұндай өнімдерде лактозаның мөлшері аз болатын. Содан лактозасы аз өнім жей берген адамзаттың ағзасы да уақыт өте келе нағыз қою, құнарлы сүтті қорыта алмайтын деңгейге жетті.

Ал сүтті әлі күнге дейін ішетін халықтардың ағзасында лактаза баршылық. Мәселен, швед, дат, ағылшын, неміс, голланд жұрты сүтті көп ішетін халықтар. Олардың ағзасындағы лактазаның жетіспеушілігі небары 1-10 пайызды ғана құрайды.

Неге азиаттар?

Википедияның мәліметтеріне сүйенсек, лактозаны көтере алмайтын халықтардың көбі азиаттар екен. Олардың ішінде қазақтар да бар. Шыңжаң қазақтарының 76 пайызында лактозаны қорыта алмайтын ген бар көрінеді. Бірақ қазақ халқы ежелден жылқы асырап, сүт сауумен айналысқандықтан, кей ғалымдар қазақтың тек 25-35 пайызы ғана сүтті «көтере алмайды» деп есептейді.

Азиаттардың ішінде, әсіресе, қытай мен тай халқына сүт «жақпайтын» болып шықты. Оларда лактазаның жетіспеушілігі 93-98 пайызға дейін жетеді екен. Ал Америкадағы үндістердің ағзасында мүлдем лактаза жоқ көрінеді. Олар мүлдем сүт іше алмайды.

Қытайлардың 80 пайызы 3-4 жасына дейін лактозаны қорыту қабілетінен айырылып қалатын көрінеді. Ал оңтүстік Азиядағы халықтардың неге сүт іше алмайтындығын олардың әу баста мал шаруашылығымен айналыспағанымен түсіндіруге болады. Көбінесе, бұл халықтар жер өңдеумен, балық аулау және өсімдік өсірумен айналысқан.

Содан азия халықтары мен еуропалық нәсілді халықтардың араласуы салдарынан лактозаны көтере алмайтын геннің де кең таралуына себеп болған. Өйткені азия халықтарының гені еуропа халықтарының геніне қарағанда қуаты басымырақ.

Бірақ қазақ, қырғыз, қалмақ, саха, татар, моңғол, ханты сынды азия халықтары ежелден мал асырап, сүтпен қоректенгендіктен, бұл халықтарда лактозаны көтеру деңгейі еуропалықтарға жақынырақ.

Қ. Слямбек