"Үшінші әлем елдері" деп қандай мемлекеттерді атаймыз?

"Үшінші әлем елдері" деп қандай мемлекеттерді атаймыз?
Фото: yandex.kz

"Үшінші әлем елдері" деген термин – ХХ ғасырдың ортасында, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болған саяси ұғым. "Үшінші елдер", "үшінші әлем" деп аталады. Үшінші әлем елдері деп басында соғыстан да, саяси одақтан да тыс мемлекеттерді атаған. Бірақ уақыт өте келе бұл сөз басқа мағынаға ауысып, артта қалған, кедей мемлекеттерді білдіретін ұғымға айналды.

Алғашында бұл терминді саясаткерлер капиталисттік елдерге де («бірінші әлем», яғни, капиталисттік елдер мен НАТО құрамындағы елдер, АҚШ-тың жақтастары), социалисттік елдерге де («екінші әлем», яғни, КСРО-ны қолдаушы елдер) енбейтін бейтарап мемлекеттерді атаған. Яғни, бұл – батыс елдері мен социалисттік КСРО мемлекеті бөліп алуға, басып алуға таласқан елдер. Бұған Африка, Азия мен Латын Америкасында орналасқан елдер жатады.  

Кейін «қырғи қабақ соғыс» аяқталғаннан кейін саяси терминнің мағынасы да өзгере бастады. Енді ол саяси экономикалық мәнді білдіретін ұғымға айналды. Өйткені батыс саясаткерлері «үшінші әлем елдері» деп бөліп қараған елдердің көбі экономикасы нашар, ішкі жалпы өнімі төмен елдер екендігі белгілі болды. Содан терминнің да мағынасы түрленіп, дамушы, капиталисттік жүйеге енді көшкен мемлекеттерді көрсету үшін қолданыла бастады. Алайда қазіргі уақытта әлі күнге дейін «үшінші «әлем елдері» атанып жүрген мемлекеттердің біразы «екінші әлемді» басып озып, «бірінші әлем елдерімен» теңесіп қалды.

«Үшінші әлем елдері» терминін алғаш рет кедей мемлекеттермен байланыстырып қолданған француз ғалымы Альфрд Сови болды. Ол 1952 жылы тамызда  L’Observateur  журналына жазған  мақаласында үшінші елдерді кедей тап, үшінші тап деп атап, дәстүрлі, артта қалған түсінікпен өмір сүретін қоғам деп баға берген.

Сонымен, үш әлем елдерін бөліп қарастыратын болсақ, онда келесідей тізіммен орналастыруға болады.

1. Бірінші әлем. Еуропа мен АҚШ. Франция – классикалық бірінші әлем. Бұған Бельгия, Нидерланды, Германия, Италия, Венгрия, Чехия мен Скандинавия елдері жатады.

2. Екінші әлем. Екінші әлемнің классикалық, орталық  елі – Ресей. Еуропаға енетін елдердің арасында Украина, Болгария, Румыния, Латвия, Сербия, Беларусь, Литва, Черногория жатады.

3. Үшінші әлем. Үшінші әлемнің классикалық, негізгі елдері – Египет, Үндістан, Пәкістан, Моңғолия. Бұл қатарға Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан сынды Орталық Азия мемлекеттері мен Сирия сынды араб елдерін жатқызуға болады. Ал Қазақстан туралы ғалымдардың арасында біртұтас, ортақ пікір жоқ. Бірі Қазақстан саяси жағынан бұрынғы КСРО-ның экономикалық саяси жүйесін сақтап қалған (жоспарлаушы экономика) ел деп санаса, енді бірі Қазақстан капиталисттік үрдіске өткен, социалисттік элементтерді жоғалта бастаған ел деп баға береді. Десе де, Қазақстан – басқа Орталық Азия мемлекеттері сынды үшінші әлем елдеріне жататын ел.

Жалпы, «үшінші әлем елдері» деген ұғымның аясы біршама кең. Мәселен, Еуропалық Одақ ЕуроОдаққа кірмейтін мемлекеттердің барлығын «үшінші әлем елдері» деп атайды. Бұл жерде әлем елдерін бөлудің экономикалық та, мәдени-саяси да белгілері жоқ. Өйткені Швейцария, Исландия, Норвегия, Лихтенштейн сынды елдер ЕО-қа енбейді, бірақ ЕуроОдақ елдерімен көршілес болып арнайы қарым-қатынас келісімшарты жасалғандықтан «екінші әлем елдері» саналады. Бірақ экономикалық дамуы әлдеқайда жоғары екендігі тағы белгілі. Ал қалған елдері ЕО үшін «үшінші әлем елдері» саналады. 

Қ. Слямбек