Басқан қадамын санай алатын құмырсқалар

Басқан қадамын санай алатын құмырсқалар
Фото: https://www.apextribune.com/

Сахара құмында жүгіруді жақсы көретін қызыл құмырсқалар өмір сүреді. Ғылымда Cataglyphis bicolor (қазақша - күйме құмырсқа) атауымен танылған бұл құмырсқаның ерекшелігі көп.

Біріншіден, бұл құмырсқа - Сахараның ең ыстық жерінде өмір сүретін бірден-бір жәндік. Ол шыдаған ыстыққа басқа жәндіктер мен жануарлар шыдай алмайды. Сахараның ыстығы 50°C-қа тең. Мұндай ыстықта төзіп, өмір бойы жүре беретін жер бетінде бірде-бір тіршілік иесі жоқ. Тіпті, бұл құмырсқалар 70°C-қа дейінгі ыстықты көтере алатын көрінеді.

Ал құмырсқаның өзі аптап ыстықтан өлген жәндіктермен қоректенеді.

Екіншіден, бұл құмырсқаның ерекшелігі - табиғаттың нағыз қатал күйіне бейімделгендігі. Яғни, аптап Сахарада ыстық ұрмас үшін құмырсқа үнемі қозғалыста болуы қажет. Тоқтап, тұрып қалуға болмайды. Сондықтан болса керек, ғылымда бұл құмырсқаны тез жүгіретін құмырсқалардың қатарына қосады. Оның үстіне, азық іздеу үшін ұзаққа кетеді, илеуінен алыс кетуге мәжбүр. Ал қайтарда адасып қалмас үшін жүрген жолын есептеп отырады. Илеуінен шыққан сәтте-ақ күннің бағытына қарай оның бұрышын өлшеп, кейін басқан қадамының санын жаттап отыратын көрінеді. Өйткені "үйді табудың" басқа жолы жоқ. Әдетте, жануарлар іні мен үңгірін иіс арқылы іздеп табады. Алайда Сахарада ыстықтың кесірінен иіс жоғалып кетеді.

Құмырсқаның санай алатынын ғалымдар тәжірибе жасап анықтаған екен. Яғни, екі құмырсқаны алып біреуінің аяғына кеңдеу "тұсамыс" байласа, екіншісіне тар "тұсамыс" байлаған көрінеді. Кең "тұсаумен" жүргені інінен ары кетіп қалса, тар "тұсаумен" жүргені ініне жете алмай қалған.

Жануарлар әлемінде біз білмейтін қаншама қызық бар...

Қ. Слямбек