Әуе билетін аларда нені ескеру қажет?

Демалыс уақытын пайдалы әрі қызықты өткізгіміз келетіні анық. Мүмкіндік болса шетелге шығып, теңіз жағасында күнге күйіп жатқанды қалаймыз. Болмаса, алыстағы туысқа ұшақпен барып келуді де жоспарлаймыз. Әуе билетін сатып аларда қаражатты қалай үнемдеу керек екенін білесіз бе?

 Әуе билетін сатып аларда ертерек қамданып, екі-үш ай бұрын алған дұрыс. Өйткені уақыт жақындаған сайын билеттің құны артып, бір аптаның ішінде 40%-ға дейін көтерілуі мүмкін.

 Ғаламтор дамыған заманда билеттердің бағасын салыстырып, ең арзанын таңдауға көмектесетін сайттар мен жүйелер көп. Оған қоса "Бағалар күнтізбесі", арзан билет шыққаны туралы хабарламалар алуға болатын қосымша функциялары да болады. 

 Күн сайын қажетті бағыттағы билеттерді бақылап отырыңыз. Егер уақытыңыз болмаса әуе билеттерін мониторинг жасайтын арнайы жүйелер бар.

 Әдетте таңда не түн ортасында ұшатын ұшақтардың билеттері басқа уақытқа қарағанда арзан болады.

 Билеттерді бірден баруға және қайтуға алсаңыз арзанға шығады. Сіз бұл арқылы қаражатыңызды 20-30%-ға үнемдей аласыз.

 Билеттерді тек бір ғана компьютермен қарайтын болсаңыз браузеріңіздің тарихын өшіріп, кэш пен кукты тазалап отырыңыз немесе "инкогнито" режимінде қараңыз. Өйткені сіз кіретін арнайы сайттар бұрынғы іздеу тарихына қарай әр түрлі маркетингтік әрекеттер жасап, қымбат билеттерге ұрынуыңыз мүмкін.

 Діттеген жеріңізге тікелей ұшатын ұшақтардың билеттері қымбат болады. Егер уақытыңыз болса трансфермен ұшуға болады. Жол жүру уақыты ұзарғанымен үнемделетін ақшаңыз көбейеді.

 Ұшу мерзімін алдына ала жоспарлаңыз. Демалыс маусымы аяқталып, туристер аз ұшатын уақытта билеттің құны арзан болады. 

 Билеттің құнына аптаның күні де әсер етеді. Мысалы, сейсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері басқа уақытқа қарағанда арзан болады. 

 Лоукостермен ұшыңыз. Жайлылығы аз болғанымен, билет бағасы арзан.