Синоптиктер болжамы: Флоридада кесіртке жауады

АҚШ-тың ұлттық метеорологиялық қызметі Флорида штатының тұрғындары мен қонақтарын игуана қаптап кетуінен қорықпауға шақырды.

"Біз әдетте мұндай ескертулер жасамаймыз. Дегенмен, температура -1 шамасына түскенде ағаштардан саулап игуана кесірткелері құлауы мүмкін екенін айтқымыз келеді. Салқынқанды жануарлар мұндай жағдайда тым әлсіз қозғалыстар жасап, тіпті ұйқыға кетуі де мүмкін. Олардың ең ірілерінің ұзындығы 1,5 метрге жетіп, ал салмағы 9 килограммды құрайды. Осы себепті, олардың жоғарыдан құлауы адамға зақым келтіре алады.

Құлаған игуана өлі сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ олар осылай баяу демалу арқылы өздерін қорғайды. Температура көтерілгенше қимылсыз болады. Бірақ суық тым ұзақ болған жағдайда (8 сағат бойы) жаңа туылған игуаналар өледі",-деп хабарлады синоптиктер.

Жалпы, АҚШ-тың Шығыс жағалауында күн суытуда. Қазірдің өзінде Луизианадан Каролинаға дейінгі штаттарда температура күрт төмендеді.