Олжа: Ескі диван ішінен $43 170 табылды

Олжа: Ескі диван ішінен $43 170 табылды
Фото: vk.com

Мичиган тұрғыны Говард Кирби дүкеннен ұсталған ескі диван сатып алған. Кейін оның ішіне 43 мың доллар шамасында ақша тігілгені белгілі болды.

Кирбидің айтуынша, оның келіншегі отыруға тым ыңғайсыз диванды сөгіп, реттемек болады. Ал оның ішінен жұмсақ материалға оралған қорап шығады. Онда $43 170 бар екенін қорапты ашқанда бір-ақ көреді. "Құдды түс көріп отырғандай болдық", – дейді Говард басынан өткен оқиға туралы.

Бірақ ол ақшаны өзіне алып қалуға қарсы болған. Адвокат заң бойынша тұтынушы сатып алған заттың ішіндегі дүние өзіне ғана тиесілі екенін айтса да, дегенінен қайтпаған. Оның үстіне, диванды сатқан адам дүкенге хабарласып үлгерген екен.

Диванның бұрынғы иесі Ким Фаут-Ньюберри есімді әйел адам болып шықты. Мүлік оның 2019 жылы өмірден өткен атасының меншігі екен. Ал оның ақшаны не себепті тығып қойғанын немересі мүлдем түсінбегенге ұқсайды.

А. Оралқызы