Ғалымдар да Винчи картинасының құпиясын ашты

Ғалымдар  да Винчи картинасының құпиясын ашты
Фото: hi-news.ru

Атақты суретші, механик Леонардо да Винчи күнделігінде шифрланған құпия жазбаларды ғана қалдырып қоймай, сонымен қатар суреттерде де арнайы шифрлау әдісін қолданған. Әлі күнге дейін әйгілі Мона Лизаның портреті туралы, "Соңғы кеш" картинасындағы жұмбақ белгілер туралы пікірталастар толастаған емес. Жақында ғалымдар оның атақты "Әлемді құтқарушы" картинасында жасырынған тағы бір құпияны ашты. Ол туралы Sciencealert.com сайты хабарлады.

"Әлемді құтқарушы" картинасының құпиясы ашылды

Леонардо да Винчидің жұмыстарының жұмбақ қыры көп, өйткені суретші инженерия, механика, кескіндеме, поэзия, философия және медицина салаларын жетік білген. Сонымен бірге ол құпия ұйымдардың да мүшесі болған.

Мона Лизаның жұмбақ күлкісі туралы қайшылықты пікірлер әлі дау тудырып келе жатыр. Соңғы уақытта ғалымдар оның "Салвадор Мунди" немесе "Әлемді құтқарушы" деп аталатын тағы бір картинасының құпиясын ашу үшін түрлі зерттеулер жүргізген.

Суретте Мәсіх ұстап тұрған сферадан өткен жарықтың сынғаны көрінбейді. Әдетте мұндай фигурадан жарық сынып өтеді. Компьютерлік модельдеу арқылы Калифорния ғалымдары Исаның қолына сфера емес шар ұстап тұр дегенді алға тартады.

3D бейнелеу технологиясы Исаның қолындағы сфера емес іші қуыс әйнек шар екенін дәлелдеді

Бұрын аталған болжамды ғалымдар басқа балама жорамалдармен қатар талқылаған. Алайда, қазір 3D-рендерингтің озық технологиясы арқасында мамандар суретшінің әр бояуын модельдей алған. Бұл технология белгілі бір уақыт кезеңіне сәйкес келетін материалдарды, жарық көздерін және ғылыми білімдерді ескере отырып, суреттің жоғары сапалы бейнесін жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен, ғалымдар тобы шардың көлемін есептеген. Оның радиусы – 6,8 сантиметр. Нысанды талдағаннан кейін зерттеушілер шардың қалыңдығы 1,3 миллиметрден аспайтынын анықтады. Сонымен қатар, сфераның артында бейнеленген Мәсіхтің көйлегіндегі қатпарлар да Винчидің сфералық формадағы жарықтың ерекше сынуы туралы білетініне көз жеткізуге мүмкіндік береді. Өйткені суретші оптиканы да зерттеген. "Әлемді құтқарушы" картинасы "Мона Лиза" кескініне ең жақын балама", - дейді ғалымдар.

Айта кету керек, қазіргі уақытта бұл сурет адамзат тарихындағы ең қымбат өнер туындыларының бірі саналады. Ол 2017 жылы 450 миллион долларға сатылған. Леонардо да Винчидің "Әлемді құтқарушы" картинасы 1500 жылы салынған. Өнер сарапшылары "Әлемді құтқарушы" картинасын Леонардо да Винчи Франция королі Людовик XII сұранысы бойынша салған деседі.  Кейін картина 1625 жылы Карл I Франция патшайымы Генриетта Марияға үйленген уақытта Англияға өткен. 1649 жылы Карл I дарға асып өлтірілген кезде туынды Корольдік коллекция тізімінде болған. Содан 1651 жылы бәссаудада сатылып, ал 1666 жылы Карл II билік құрып тұрған кезде Корольдік колекциясына қайтарылған. 1763 жылы картина жоғалып кетеді де, бұл оқиғадан бір жарым ғасыр уақыт өткеннен кейін қайта сатылымға шығарылған. 1900 жылы орын алған сондай бәссаудалардың бірінде "Әлемді құтқарушы" белгісіз адамның жеке жинағына өтеді.

Т. Раушанұлы