Guinness World Records. Бомбель – әлемдегі ең кішкентай ат

Guinness World Records. Бомбель – әлемдегі ең кішкентай ат
Фото: guinnessworldrecords.com

Әлемдегі ең кішкентай ат Польша жерінен табылды. Жануардың иелері оны Бомбель деп атайды. Бойының биіктігі бар болғаны 56,7 сантиметрді құрайтын ат жуырда Гиннес рекордтар тізіміне енді.

Бомбель Лодзь қаласы маңындағы жылқы шаруашылығында күтіп бапталады. Табиғатынан ерекше жануардың иелері Патрик пен Катаржина Зелински құлынды 2014 жылы көрген. Ол кезде туғанына екі-ақ ай болған. Олардың айтуынша, бастапқыда құлын өз жасына қарай өсіп келген. Алайда 50 сантиметрден асқанда өсуін тоқтатқан.

Қазір ерекше жануарға қызыға қарайтындар көп екен. Тіпті ат иелері ай сайын жергілікті балалар ауруханасына алып барып, бүлдіршіндерге ерекше қуаныш сыйлауды да әдетке айналдырыпты.

- Бомбель біздің өмірімізді толықтай өзгертті. Себебі ол арқылы біз адамдарға көмектесе бастадық, кішкентайларға қуаныш сыйлап жүрміз, - дейді аттың иесі.

Әлемдегі ең кішкентай ат рекордына ие Бомбель аппалуза жылқы тұқымы болып саналады. Америкадағы үнділер қолында көптеп өсіріледі. Негізінен биіктігі 160 сантиметрге дейін өседі.

Н. Үсенова