18 жыл бұрын жоғалған бала Face App көмегімен табылды

18 жыл бұрын жоғалған бала Face App көмегімен табылды
Фото: parentology.com

Қытайлық ерлі-зайыпты 2001 жылдың 6 мамырында 3 жастағы ұлдарын жоғалтып алған. Арада 18 жыл өткенде ата-ана мен бала қайта қауышты. Жоғалған баланы мамандар Face App бағдарламасының балама технологиясының көмегімен тапқан. Жаңалықты Parentology халықаралық интернет-ресурсы хабарлады.

Оқиға осыдан 18 жыл бұрын Қытайдың Шэньчжень қаласында орын алған. Сол кезде 3 жаста болған баланың аты-жөні – Ю Вейфен. Әкесінің жұмысына ілесіп барған Вейфен алаңқайда ойнап жүріп, қалың топтың арасында адасып қалған. Ал әкесі қанша іздегенімен, ұлын таба алмай, ақыры барлық істің соңы нәтижесіз аяқталған.

Ата-анасынан көз жазып, қараусыз қалған Вейфенді қытайлық ерлі-зайыптылар қамқорлығына алып, өз баласындай тәрбие беріп, өсірген екен. Вейфеннің қазіргі төлқұжаттағы есімі – Ли.

Қытайдың Tencent Al Lab технологиялық компаниясы Вейфенннің бала кезіндегі суретін сканерлеп, нейрожелі арқылы 3 жастағы баланың 21 жаста қалай өзгеретінін анықтаған. Вейфеннің болжаммен 21 жастағы суреті дайын болғанда, Қытай азаматтарының базасынан 2 ай бойы түр-әлпеті суреттегі адамға ұқсайтын жандар іздестірілген. Осылайша, 2 миллиард халықтың арасынан бүгінде Ли болып тіркелген Вейфеннің суреті шыққан.

Бұл жағдайдан кейін генетикалық талдамалар жасалып, соңында Вейфен мен баласын іздеген ата-ананың ДНҚ сараптамасы сәйкес келген. Осылайша, арада 18 жыл өткенде дамыған технологияның арқасында бала мен ата-ана қайта қауышты. Бұл 2019 жылдың шілде айының ортасы еді.

А. Қажиев