Жерге ұқсас. Адам баласы қоныстануы мүмкін ғаламшарлар

Жерге ұқсас. Адам баласы қоныстануы мүмкін ғаламшарлар
Фото: Коллаж © L!FE

Адам баласы ғылымның дамуымен Күн жүйесінен шығып, шалғайдағы әлемді бағындыруға тырысатыны анық. NASA ұйымының мамандары әзірге табылған Жерге ұқсас ғаламшарларды анықтап, болашақта адам баласының қонысы болуы мүмкін планеталардың тізімін жасап шықты.

Massaget сіздерді болашақта біздің жаңа қонысымыз болуы мүмкін ғаламшарлармен таныстыруды жөн деп шешті.

Центавр Проксимасы b. Альфа Центавра жүйесі

"Проксима" сөзі латын тілінен аударған "жақын" деген мағынаны білдіреді. 2016 жылы ашылған бұл планетаны ғалымдар біздің болашақ үйімізге балады. Астрономиялық өлшем бойынша жақын орналасқан. Бар болғаны 4 жарық жылда жетуге болады. Жерден 30 пайызға үлкен әрі үсті қатты. Ең бастысы — "тіршілік етуге қолайлы аумақта" орналасқан. Өзінің жұлдызына тым жақын да, алыс та емес.

Центавр Проксимасында жалтыраған тоғайлардың болуы мүмкін. Ғалымдардың айтуынша, Күннің қызметін атқаратын Центавр Проксимасының қызыл ергежейлісі біздің Күнге қарағанда 80 есе көп ультракүлгін сәулесін таратады екен. Тек бұл ғаламшарда судың бар-жоқтығы құпия болып отыр.

Глизе 832 c. Тырна жұлдыздар тобы

Стивен Хокинг бір кездері дәл осы типтес ғаламшардан адамзат баласы хабар алатынын айтқан болатын. Бұл ғаламшар Жерден 5,4 есе үлкен. Өзінің Күнінен бар болғаны 24 миллион шақырым алыста орналасқан. Салыстырмалы түрде айта кетсек, біздің Жер мен Күннің ара-қашықтығы 150 миллион шақырымды құрайды. Алайда бұған қарамастан Глизе 832 ғаламшарындағы орташа температура минус 20-дан аспайды.

Ғалымдар бұл ғаламшарда атмосфераның бар екенін анықтаған. Бірақ кейін белгілі болғандай атмосферасы біздің дем алатын ауадай емес, керісінше Шолпандағыдай ыстық.

Глизе 581 c. Таразы жұлдыздар тобы

2018 жылы ресейлік студенттер Глизе 581 ғаламшарының "тұрғындарына" "Жерге келіңдер" деп шақырту жіберген болатын. Астрофизиктер бұл ғаламшардың беткі қабаты қатты және атмосферасы бірнеше газдың қосындысынан құралғанына сенімді. Орташа температурасы 17 градусты құрайды. Тек ол жақта аспанның түсі қандай екенін анықтау қалды.

Глизе 581 g. Таразы жұлдыздар тобы

Астрономдар бұл ғаламшардың бар-жоқтығы туралы пікір таластырып жүргенде аустралиялық ғалым Рагбир Батал бірнеше мәрте "хабарлама" алғанын мәлімдеп үлгерді. 2008 жылы дәл осы аумақтан сигнал қабылдаған болатын. Ал арада екі жыл өткен астрономдар алғаш рет Глизе 581 g-ді байқады. Рагбир Баталдың айтуынша, оған келіп түскен сигналдар қолдан жазылған, өйткені хабарлама реттілікпен жазылған. Ал ғалымдар бұл ғаламшар өзгелерге қарағанда Жерге ұқсас екенін айтуда. Полюстері суық, ал экваторда температура 20 градусты құрайды.

Глизе 581 d. Таразы жұлдыздар тобы

Британиялық ғалымдар Таразы жұлдыздар тобында тағы бір Жерге ұқсас планетаны тапқандарын мәлімдеді. Бірнеше жыл бұрын Глизе 581 d ғаламшарынан құпия сигналдар келіп түскен. Әуелде мұны ғарыш шуына балаған. Алайда артынша ғалымдар сигналдың қолдан жазылғанын мәлімдеді. Әзірге бұл планета туралы көп ақпарат жоқ. Бірақ болашақта дәл осы ғаламшар адамдардың жаңа қонысы болуы мүмкін.

Өткен жылы әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар шақыртулар жазып, Канберрадағы радиотелескоп арқылы Глизе 581 d ғаламшарына хабарлама жіберді. Сигнал діттеген жеріне 2029 жылы жетеді деп жоспарланып отыр.

HD 21749b

Жақында ғана NASA ғарыш агенттігінің жер серігі Күн жүйесінен тыс орналасқан жаңа экзопланетаны анықтады. Бұл ТЕSS (Transiting Exoplanet Survey Satellite) тапқан үшінші жатғаламшар саналып отыр. 

Жаңадан табылған HD 21749b планетасы Жерден үш есе үлкен көрінеді. Сондай-ақ салмағы 23 есе ауыр. Беткі температурасы Цельсий бағамы бойынша 150 градусқа тең. Бұл планетада тығыздық Нептуннан да жоғары. Бірақ тау-қыратты емес. Сондай-ақ зерттеушілер тағы да бір планета табылғаны жайлы айтқан. Бірақ нақты емес. Жердің көлеміндей болатын планета нақты анықталса, TESS тапқан ең кішкентайы болмақ.

А. Рысдәулет