Күн тұтылуының алғашқы бейнежазбасы жарияланды

Күн тұтылуының алғашқы бейнежазбасы жарияланды
Фото: freepik.com

Британия кино институты YouTube арнасына Күн тұтылуының алғашқы видеосын жариялады. Бір минуттан сәл асатын бейнежазбада Күннің тұтылуын көруге болады.

Сонау 1900 жылдың 28 мамыры күні астроном Невил Маскелайн Солтүстік Каролинадағы Британия астрономиялық қауымдастығына барған сапарында Күннің тұтылуын таспаға түсіріп алған. Ол телескоптық адаптерға бекітілген қарапайым камераны қолданған.

Видео бұған дейін Британия корольдік астрономиялық қоғамының мұрағатында сақталған. Бұл Маскелайнның екінші видеосы. 1898 жылы түсірілген алғашқы бейнежазбасы қолды болған.

Британия кино институты бейнежазбаны 4К сапасымен өңдеп шығарған. Бұл үшін қауымдастыққа әр кадрды бөлек жинап, өңдеуге тура келген. Дегенмен YouTube желісінде видео тек 720p сапасымен жүктелген.

Күннің толық тұтылуы таңғаларлық көрініс. Аспанда қара дөңгелекті және оның айналасындағы тамаша шұғыла Күн тәжін көреміз. Ол – Күннің қатты қызған атмосферасының жарқыраған сыртқы бөліктері. Күннің толық тұтылуы кезінде қараңғылық тез түседі. Бүкіл көкжиекте қызғылт шапаққа ұқсайтын жарқырау байқалады.

Толық Күн тұтылуы Жерге Ай көлеңкесінің дағы түскен орыннан ғана көрінеді. Дақтың диаметрі 250 шақырымнан артпайды, сондықтан бір мезгілде Күннің толық тұтылуы тек Жердің аз ғана бөлігінде көрінеді. Толық тұтылу фазасы 7 минут 70 секундтан артыққа созылмайды. 

А. Рысдәулет