«Жаһандық жылыну» терминінің авторы дүниеден өтті

«Жаһандық жылыну» терминінің авторы дүниеден өтті
Фото: Lenta.ru

Америкалық әйгілі геолог және климатолог Уоллес Брокер 18 ақпан күні 87 жасында дүниеден озды. Бұл ақпаратты Associated Press сайты ғалымның жұмыс істеген университетіне сілтеме жасап хабарлады.

Брокер Нью-Йорк ауруханаларының бірінде дүйсенбі күні қайтыс болды. Ол 1931 жылы Чикагода дүниеге келген. 1977 жылы Колумбия университетінің профессоры атанып, ғұмырының соңына дейін осы университеттің геология және қоршаған орта кафедрасының мұғалімі болды. Ғалым 500-ден астам мақаланың, 14 кітап және тағы бірнеше оқулықтың авторы.

«Жаһандық жылыну» терминін қолданысқа енгізген дәл осы Уоллес Смит Брокер. Ол бұл тіркесті өзінің «Климаттың өзгеруі: Біз күрт жаһандық жылынудың баспалдағында тұрмыз ба?» (Climatic Change: Are We on the Brink of a Pronounced Global Warming?) атты мақаласында қолданған. Мақала 1975 жылы Science журналында жарық көрді.

А. Қажиев