Қар құрсауындағы қалалар

Қар құрсауындағы қалалар
Фото: dailymail.co.uk, TOHOKU JAPAN, IBTimes UK

Жер бетіндегі адамдардың біраз бөлігі өмірінде қар ұстап көрмеген деген деректер бар. Расында да әлемде қыс болмайтын, қар жаумайтын аймақтар жетерлік. Ал ол аймақтағы жергілікті тұрғындар өзге елге бармаса, өз жерінде де жүріп қардың қандай болатынын қайдан білсін?

Филиппин, Панама, Фиджи, Куба, Ямайка, Малайзия, Мали, Нигерия, Бруней, Зимбабве елдерінде қар жаумайды. Қыс та болмайды. Бұл қатарды тағы толықтыруға да болады. Әйткенмен бүгінгі айтпағымыз қыста қар құрсауында қалатын қалалар жайлы болмақ.

Қыстың көркі - қар. Қар болмаса қысты сезіну де қиын. Ал біз жазғалы жатқан қалалар нағыз ақ мамықтың отаны іспетті. Бұл қалаларға қысқы спорт түрлерімен шұғылдану үшін, қыстың қызығын көру үшін ағылатын туристер саны да көп.

10. Баффало (АҚШ)

Баффало Нью-Йорк штатының солтүстік-батысында орналасқан қала. Желтоқсан мен наурыз айына дейінгі аралықта қар көп түседі. Жылына қардың түсу мөлшері 8 футқа (2,4 м) жақын екен.

9. Рочестер (АҚШ)

Бұл қала да Нью-Йорк штатының солтүстігінде орналасқан. Қардың жылдық түсу мөлшері 8 футтан (2,5 м) асады.

Қыста ауа температурасы Фаренгейт бағамы бойынша -17 градусқа дейін суық болады. Ал жазда Цельсий бағамы бойынша 29 градус ыстық болады.

8. Акита (Жапония)

Күншығыс еліндегі Акита қаласы да әлемде ең көп қар түсетін аймақта орналасқан. Қардың жылдық мөлшері 9 футтан (2,7 м) кем емес.

Акитада тау-шаңғы курорттары мен сноубордқа арналған тау жолдары көп-ақ. Туристер үшін бар жағдай жасалған.

7. Сагеней (Канада)

Квебек провинциясы құрамына енетін Сагеней қаласы да қыста нағыз қарды құрсауында қалады. Орташа жылдық мөлшері 10,25 футты (3,12 м) құрайды.

Қалада қысқы спорт түрлеріне қолайлы жағдайлар жасалған. Тау-шаңғы спорты түрлері дамыған.

6. Сиракьюс (АҚШ)

Нью-Йорк штатында қар қалың түсетін қаланың бірі - Сиракьюс. Тұрғындар жыл сайын 3 метрден аса жауатын қарға еттері үйреніп те қалған. Сондай-ақ бұл қалада АҚШ-ғы ең беделді университеттердің бірі орналасқан.

5. Квебек (Канада)

Ең көп, ең қалың қар жауатын қалалардың бірі - Квебек. Жылдық орташа мөлшері 10,3 фут шамасында. Қар желтоқсан мен сәуір айлары аралығында жауады.

Бұл қалада қыста қысқы карнавал да өтеді. Жергілікті тұрғындар мереке ретінде тойлап, қардан алып мүсіндер жасайды.

4. Сент-Джонс (Канада)

Ньюфаундленд аралындағы Сент-Джонс қаласына жауатын қардың қалыңдығы 3,3 метрді құрайды. Ауа райы аса құбылмалы. Канада еліндегі ең тұманды, жел көп тұратын қалалардың бірі. Ең суық ай - ақпан.

3. Тояма (Жапония)

Ең көп қар түсетін қалалардың үштігіне Жапонияның Тояма қаласы енеді. Мұндағы қардың жылдық мөлшері 12 футқа (3,6 м) жақын. Қала желтоқсан мен наурыз айлары аралығында қар құрсауында болады.

2. Саппоро (Жапония)

Хоккайдо аралындағы Саппаро қаласы қыста ақ мамыққа оранады. Қардың қалыңдығы 16 футқа (4,8 м) дейін жетеді. Жыл сайын қысқы қар фестивалі өтеді. Онда мұздан алып мүсіндер жасалып, қысқы қалашық салынады.

Саппаро - Жапониядағы қысқы спорттың орталығы да. 1972 жылы қысқы Олимпиада ойындары өткен. 2017 жылы қысқы Азия ойындары да осы қалада ұйымдастырылды.

1. Аомори (Жапония)

Әлемде ең көп қар түсетін қала - Аомори. Хонсю аралының солтүстік жағалауында орналасқан. Қыста бұл қаладағы қардың биіктігі 8 метрге дейін жетеді.

Аомориде қараша айынан бастап қар жауа бастайды. Қыс сәуірге дейін созылады.

* Қар құрсауындағы аймақтар ондығына халық саны 100 000 адамнан асатын қалалар ғана енген.

Н. Үсенова