Флоренцияда туристерге тамақ жеуге тыйым салды

Флоренцияда туристерге тамақ жеуге тыйым салды
Фото: OrangeSmile.com

Флоренция (Италия) қаласының басшылығы туристерге төрт көшеде тамақ жеуге тыйым салды, - деп жазады Daily Mail.

Қаланың жаңа заңы 4 қыркүйектен бастап күшіне енген. Қаладағы Виа де Нери (Via de Neri), Пьяццале дельи Уффици (Piazzale degli Uffizi), Пьяцца дель Грано (Piazza del Grano) және Виа делла Нинна (Via della Ninna) көшелерінде сағат 12:00-ден 15:00-ге дейін,  18:00-ден 22:00-ге дейін тамақтануға болмайды. Ереже бұзған жағдайда 500 еуро көлемінде айыппұл салынады.

Флоренция қаласының басшылығы жаңа заңды қала тұрғындарына қолайлы болуы үшін қабылдаған. Себебі туристер көптеп келетін тарихи көшелерде тағам қалдықтары артқан. Туристер кез келген жерге тамақтана салып, көше қозғалысына кедергі келтіреді екен. Енді ереже бұзғандарды еріктілер қадағалайды. Оларға айыппұл салу құқығы да берілген.

Олай болса, Флоренцияға бара қалсаңыз, абай болыңыз! "Көшеде жүріп-ақ тамақтанамын" деп шығынданып қалмаңыз. 

Н. Үсенова