"Берлин қабырғасы"-ның бір бөлігі қайта қалпына келтіріледі

"Берлин қабырғасы"-ның бір бөлігі қайта қалпына келтіріледі
Фото: washingtontimes.com

Германия астансындағы 1961 жылдан 1989 жылға дейін ГФР мен ГДР-ді бөліп тұрған "Берлин қабырғасы"-ның бір бөлігі қазан айында басталып, 4 аптаға жалғасатын көркем жоба үшін қайта қалпына келтіріледі.

Арт-нысанды тамашалауға келетін көрермендер алдын ала 15 еуро тұратын визаны сатып алуы керек. Көрермендер өзімен бірге телефон не видеокамераны көрмеге алып кіре алмайды. Оның орнына келушілерге ұйымдастырушылар тарапынан арнайы экскурсияның картасы, концерттер мен кинолардың белгіленген уақыты бар смартфон тапсырылады. 

Арт-нысанды ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобаны ұйымдастырудағы мақсаты келушілерге басқа елде болу мен азаттықтың қандай болатынын көрсету. 

Айта кетсек, 1961 жылы 13 тамызда Берлин қабырғасын салу басталды. Қабырғаны салудағы мақсат – ГДР-ден Батыс Берлинге кететін қашқындар санының жылдан жылға артуын тоқтату еді. Қабырға салынбас бұрын батысқа қашқандар саны екі миллионға жеткен. Осыған байланысты Батыс елдері қарсылық танытқан, ГДР мен ГФР-да шеру өтті. Алайда, бұл еш нәтиже бермеді. Берлиннің қақ ортасында бетоннан құйылған бес метрлік қабырға бой көтерді. Қабырғаның жоғары жағына тікенек сым тартылып, қарауылы бар мұнара орнатылды. Қаланы екіге бөліп тұрған қабырғаның ұзындығы 45 шақырымды құрады. 1989 жылдың 9 қарашасында ГДР-да коммунистік режим құлағаннан кейін, Берлин қабырғасы бұзылды. Бүгінде Берлин қабырғасының музейі бар.

Т. Раушанұлы