Ластанған ауа адам өмірін неше жылға қысқартатыны анықталды

Ластанған ауа адам өмірін неше жылға қысқартатыны анықталды
Фото: on-desktop.com

Ғалымдар әлемнің түрлі бұрышындағы ластанған ауа адам өмірін қанша жылға қысқартатынын есептеп шықты. Зерттеулерге қарағанда, ластанған ауа жер шарындағы адамдар жасын шамамен 1 жылға, Азия мен Африка мемлекеттері азаматтарының өмір сүруін 1,5-2 жылға дейін қысқартады. 

Ғаламшарымыздағы ауа құрамында зиянды элементтер жылдан жылға көбейіп келе жатыр. Мұның кесірінен адамдар өкпе аурулары, жүрек пен қан-тамыр жүйесі аураларынан ерте қайтыс болады. Статистикаға сүйенсек, жер шарындағы адамдардың 95 пайызы зиянды ауамен дем алады. 

Техас университеті ғалымдары 2016 жыл 185 мемлекетке қатысты зерттеуін жариялады. Сараптама нәтижесі бойынша, ластанған ауа адам өмірін орташа 1,03 жылға қысқартатыны анықталған. Ал темекі шегу 1,82 жылға, сапасыз ішімдік суы 0,57 жылға, дұрыс тамақтанбау 2,67 жылға өмір сүру ұзақтығын шегереді. 

Ауасы таза мемлекеттер тізіміне АҚШ, Еуропа, Австралия елдері кірген. Негізінен Азия мен Африка аумағындағы 42 мемлекет ауасы өте ластанған елдер тізімінде. 

Зерттеу кезінде ауасы ең лас Оңтүстік Азия екені анықталған. Айта кететін жайт, бұл аймақта ласталған ауа қатерлі ісіктің барлық түрінен де қауіпті. 

Естеріңізге сала кетейік, Парижде 1 жыл өмір сүру 182 тал темекі шеккенмен бірдей екенін жазған едік. "Le Parisien" газетіннің мәліметіне қарағанда, қаладағы 1 текше метр ауа құрамында 22 микрограмм улы элементтер бар. Бұл 2 тал темекі шегудің зияны Парижде 4 күн өмір сүргенмен бірдей деген сөз. Париждегі ауаның ластанғаны сондай, тіпті дене шынықтырумен айналысқанның өзі пайда бермейді, керісінше денсаулығыңызға зиян. Өткен жылы Париж метросындағы ауаның ластығы сыртқы ауадан 10 есе көп екені анықталған.

Т. Раушанұлы